Қазақстанда жүргізушісі болмайтын такси қашан пайда болады
Аэротакси және автономды жолаушылар тасымалы туралы заң жобасы әзірленіп жатыр
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда жүргізушісіз жолаушылар тасымалы қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір жүргізушісіз такси және аэротакси қызметін реттейтін жеке заң жобасы әзірленіп жатыр. Біз бұл заң жобасын Парламентке келесі жылы енгізуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – әлемдік технологиялармен қатар қадам басып, құқықтық базаны алдын ала дайындау», – деді Сауранбаев үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, бұл қызмет кезең-кезеңмен енгізіледі. Алдымен бақылаушы-оператормен, кейін толық автономды режимге көшу жоспарланған.
«Әлемнің көптеген қаласында жүргізушісіз такси жұмыс істеп тұр. Мысалы, Шэньчжэньде автокөлік толық автономды, бірақ өтпелі кезеңнің бір бөлігі ретінде жүргізуші әлі де салонда отырады. Бізде де осындай модель енгізілуі мүмкін», – деп түсіндірді министр.
Жүргізушісіз таксидің нақты іске қосылуы инфрақұрылымның дайындығы мен жүйелердің қауіпсіздік деңгейіне байланысты болады.
«Басты қағида – қауіпсіздік. Егер жүйе қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, бұл технология біздің көлік экожүйесінің бір бөлігіне айналады», – деді Сауранбаев.
Ол жүргізушісіз жолаушылар тасымалы Қазақстанда 2027 жылы немесе одан кешірек пайда болуы мүмкін екенін атап өтті.