Қазақстанда 20 интернет-ресурс жалған диплом дайындап келген
Материалдар құқық қорғау органдарына жолданған
Қазақстанда 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, құзырлы органдар жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін тұрақты түрде бақылап, тоқтатып отырады. Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыруға әкеп соғады.
«Бүгінгі таңда 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар ІІМ мен МАМ-ға жолданды», - делінген хабарламада.
Министрлік 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрған. Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру жолымен қалыптастырылады. Жүйеге қол жеткізу құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі.
Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асады. Егер білім алушы туралы ақпарат платформада болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес. Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады, деп атап өтті ведомство.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмысын жалғастырып жатыр. Ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электрондық нұсқасы электрондық үкіметтің («Цифрлық құжаттар») мобильді қосымшасында да қолжетімді.