Армения халқы қазақ халқын қатты сыйлайды – Пашинян
Екі ел арасындағы бизнес-серіктестікті қайта жаңғырту керек деп санайды Армения премьері
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға ресми сапары екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін бірден бір сапар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл сапар, шын мәнінде біздің қарым-қатынасымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін жалғастыруға мүмкіндік беретін бірден-бір сапар және біздің қарым-қатынасымызға барлық деңгейде тың серпін беретін мүмкіндік деп білемін. Бүгін Астанада салтанатты түрде армян әліпбиінің авторы Месроп Маштоцтың атындағы көше ашылды және біз мұны біздің армян халқына деген құрмет деп білеміз. Қазақстан дамушы ел ретінде және өте жақсы мысалдары бар ел ретінде біздің еліміз үшін үлгі болар ел деп айта аламыз. Біздің халқымыз қазақ халқын қатты сыйлайды және бұл құрмет біздің қарым-қатынасымызды дамытуға бірден-бір негіз», - дейді Пашинян Ақордада Қазақстан президентімен келіссөз өткізу барысында.
Армения премьерінің ойынша, аймақтық деңгейдегі өзгерістер экономикалық қарым-қатынасқа, экономикалық ынтымақтастыққа және жаңа көліктік мүмкіндіктерге жол ашады.
«Бұл мүмкіндіктер бірден көзге көрінетін нәтиже алып келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, біздің елдеріміз арасындағы бизнес-серіктестікті қайта жаңғырту керек деп ойлаймын. Бізге осы тұрғыда форумдарды, бизнес-миссиялар деңгейіндегі келіссөздерді жиірек өткізу керек», - деген ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа елімізге шақырғаны және жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтты.