Мирзиёев: Біз жақын дос ретінде Қазақстанның табыстарына қуанамыз
Ол Тоқаевты ең жоғары наградамен марапаттады
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдің ең жоғары мемлекеттік марапаты – «Дустлик» орденінің жоғары дәрежесін табыстады. Салтанатты рәсім Ташкентте Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары аясында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл – көпұлтты өзбек халқының құрметі»
Мирзиёев өз сөзінде орденнің берілуі екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін білдіретінін атап өтті.
«Сізге — біздің еліміздің үлкен досына — Өзбекстанның жоғары мемлекеттік наградасы, «Дустлик» орденінің жоғары дәрежесін тапсыру мен үшін үлкен мәртебе. Бұл — көпұлтты өзбек халқының Қазақстан Президентіне деген шынайы құрметі мен жоғары бағасы», – деді ол.
Өзбекстан басшысы Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформаларды ерекше атап өтті,
«Бүгінде сіздің кемеңгер басшылығыңызбен Әділетті Қазақстан құру жолында ауқымды реформалар іске асырылып жатыр. Барлық салада іргелі жұмыс жүргізілуде, қазақстандықтардың әл-ауқаты артып келеді. Ең бастысы – халықтың ертеңгі күнге деген сенімі күшейіп отыр. Біз жақын дос әрі көрші ретінде Қазақстанның табыстарына шын жүректен қуанамыз», – деді Мирзиёев.
Мемлекеттік сапар аясындағы маңызды қадам
Марапат Қазақстан президентінің Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті. Тараптар екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайту жөнінде бірқатар келісімдерге қол қоюды жоспарлаған.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барған еді. Өзбекстанда президент Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Сондай-ақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Ташкентке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Президент қазақ-өзбек шекарасында ашылатын Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы өзара сауданы дамытуға соны серпін беретініне тоқталды.