$ 522.19  606.42  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев Өзбекстанмен көгілдір отынды тасымалдау көлемі артатынын мәлімдеді

Президент Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығына тоқталды

Тоқаев Өзбекстанмен көгілдір отынды тасымалдау көлемі артатынын мәлімдеді
Фото: Ақорда

Президент қазақ-өзбек шекарасында ашылатын Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы өзара сауданы дамытуға соны серпін беретініне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Тағы бір перспективті бағыт – құрылыс саласы. Қазақстандық компаниялар «Жаңа Ташкент» қала құрылысы жобаларына, сондай-ақ тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салуға белсенді түрде атсалысып жатыр. Бұған дейінгі келісімдерге сәйкес Ташкентте «Astana», Астанада «Tashkent» қонақ үйлері бой көтереді. 

Келіссөздердің бір парасы көлік-транзит саласын дамытуға арналған. Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі артқан.

«Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасында теміржолмен тасымалдау көлемі 15 пайыздан аса өсіп, 22 миллион тоннадан асты. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, тариф саясатын жетілдіруге, жүк тасымалы шарттарын жеңілдетуге, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға және кеден жүйесін цифрландыруға келістік. Бұл қадамдар елдеріміздің көлік байланысын нығайтатынына сенімдімін», – деді президент.

Энергетика саласында маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.

«Ресей – Қазақстан – Өзбекстан» газ жобасы табысты нәтиже көрсетті. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы көгілдір отынды тасымалдау көлемін арттыруға ниеттіміз. Бұдан бөлек, мұнай мен атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің перспективасы зор. Тату көршілік, өзара құрмет рухында және бір-біріміздің мүдделерімізді ескере отырып, су энергетикасы саласындағы әлеуетімізді үйлестіру қажет екенін атап өттік. Бұл бағытта сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға бейілміз. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізуге, су ресурстарын есепке алу мен мониторингтеу жүйесін бірлесе дамытуға басымдық береміз. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы ықпалдастықты күшейтудің келешегі мол. Бұл ретте елдеріміздің дербес жобалары бар. Оларды бірлесіп дамыту бүкіл Орталық Азияға мультипликативті әсер берер еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары