Әсел Жанасова Тоқаев пен Әлиевке Орта дәлізді дамыту жобасын таныстырды
Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі бағыт

Бүгін Ақордада Қазақстан президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке Орта дәлізді дамыту жобасы таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол екі президентке қазақ-әзербайжан мамандарының Орта дәлізді дамыту бойынша атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жөнінде мәлімет берді.
«Қазақстан Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова Орта дәлізді дамыту жоспарын таныстырды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт», - деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Қытайдан Әзербайжанға тасымал көлемінің ұлғаюы Орта дәліздің дамуына тың серпін бермек. Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жетеді. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін.
Мемлекет басшылары Орта дәліздің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ Еуразиядағы транзиттік рөлін нығайтуға бағытталған нақты шаралар және бастамалар туралы хабардар болды», - деп хабарлайды Ақорда.