Бағдат Қожахметов «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының қатарына өтті
Партияның жақтастары лигасын Ерлан Сайыров пен Мұрат Әбенов бастаған қоғам белсенділері құрған

Бұған дейін елімізге танымал қоғам қайраткерлері «Nur Otan» партиясының жақтастары деген атаумен жаңа саяси қозғалыс құрғанын хабарлаған болатынбыз. Бүгін олардың қатары медиа-менеджер Бағдат Қожахметовпен толықты.
«Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының қатарына қосылғанын Б.Қожахметов өзінің Facebook-парақшасына жазды. Ол билікті қолға алмай саясатты өзгерту мүмкін емес екенін айтады.
«Өткен-кеткенге қарап түсінгенім – саясатпен айналыспасаң да, саясат сенімен өзі айналысады екен. Өзгелер саясат шеңберінде кез келген адамды қуыршақ секілді ойнатуы мүмкін. Ал енді саясатпен айналысу үшін партияның мүшесі болу міндет пе? Ол да керек шығар, бірақ ең бастысы, шынайы азамат болып халықтың алдында нәтижелі іс атқару қажет. Асықпай, ақылмен», - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Енді ол өзінің болашаққа жоспарлаған әрекеттерін осы қозғалыспен бірге жүзеге асырмақ.
«Осындай ойға беріліп жүргенде бірқатар жігіттер ɵте бiлiктi iс-əрекет жасапты. «Nur Otan» жақтастары лигасын құрыпты. Құрылтайшылары мен сияқты бірыңғай «безпартийныйлар». Сонысы ұнады. Ерді кебенек ішінде таны. Билікті қолға нақты алмай саясатты өзгерту мүмкін емес. Ол – қағида. Мен де мемлекетте болып жатқан дɵрекі жағдайларға қатысы жоқ адам сияқты қарап отырғым келмейді. Оған шыдау үшін жүрексіз надан, малғұн болу керек. Ондай болғым келмейді де, болған да емеспін. Болашаққа деген бірталай жоспарларым бар», - деп жазды Б. Қожахметов.
Еске салайық, «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының құрылғанын өткен аптада Ерлан Сайыров, Мұрат Әбенов, Эдуард Полетаев секілді қоғам белсенділері мәлімдеді.