Путиннің жерге қатысты мәлімдемесі пропагандалық «трюк» – сарапшы
Ресей Президентінің мәлімдемесі Қазақстанда қызу талқыланды
Владимир Путиннің Ресей орталық телеарналарына берген сұқбаты, соның ішінде Украина президентінің мәлімдемесіне берген жауабы ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Владимир Зеленский РФ-ның Екінші дүниежүзілік соғыстағы рөлі туралы биыл қаңтарда Польшаға сапары кезінде қозғаған еді. Ол Ұлы Отан соғысының тұтануына КСРО өзі түрткі болып, отқа май құйды деп мәлімдеді.
Владимир Путин елдегі Жеңістің 75 жылдығына орай өткелі жатқан парад қарсаңында федералдық БАҚ беттерінде Екінші дүниежүзілік соғыстағы орыс халқының ерлігі туралы пікірілер білдірді. Биыл 19 маусымда National Interest журналы В.Путиннің осы тақырыптағы көлемді мақаласын жариялады. Ол жерде Путин соғыстағы Украинаның рөлі және оның қазіргі басшысының мәлімдемелеріне де жауап береді. РФ Президенті қызды-қыздымен «Ресей 24» теларнасының эфирінде кеше ғана Укринамен жер дауын қайта қозғады.
Қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев Путиннің бұл мәлімдемесін кезекті саяси пропагандалық трюк деп атады. Бұл Ресей басшысының өз халқы алдындағы ұпай жинау әрекеті. Елде конституцияға енгізілген өзгерістерге қол қою мерзімі жақындап келеді. Мұны Қазақстанға, Белоруссияға қатысты деп қабылдаудың қажеті жоқ. Сарапшы мемлекеттер арасындағы жер мәселесін соғысқа айналдырудың салдары қандай болғанын Ресей халқы да, отандық сарапшылар да жақсы білетіні айтады. Соғыс экономикалық тұрғыдан Ресейдің өзіне ауыр болып тиген.
«Мұнда кезекті мәлімдемесі арқылы Путин біреудің жеріне басып кірейін деп отырған жоқ. Бұл жәй жазғыру немесе жәй ғана зіл тастау. Жер дауы, жесір дауы қай елде де халықтың жанды жері. Тарих безбеніне салатын болсақ, осы күнге дейін біреу екінші біреуге бірнәрсе берді, сосын қайтып алды. Сосын қайтып берген. Ол тарих еншісінде қала береді. Ал ескі жараның аузын тырнау, сол арқылы саяси ұпай жинау, халықты өзінің артынан ерту саясаты Ресей басшысының тактикаларының бірі. Оған бойымыз үйренді.
Алып территорияға иелік ету, оның аумағын әскердің күшімен кеңейту мемлекеттің айбындылығының критериі емес. Қазір жаңа технологияны игеру, экономикалық мүмкіндіктерді көрсететін заман. Тіпті, жердің аумағы мүлдем кішкентай мемлекеттер әлемде озық елдер саналады. Сондықтан, адам капиталы, білім сапасы, зияткерлік-технологиялық мүмкіндіктермен жарысу күн тәртібінде тұрғанын түсінуіміз керек», - дейді Талғат Қалиев.
Оқи отырыңыз: Баткен облысы мен Сох анклавындағы жанжал себебі – сарапшылар пікірі
Ал Қазақстен мен Ресей арасындағы жер қатынасына келсек, шешілмеген мәселе жоқ. Қазақстан халықаралық талаптарға сай шекараны толықтай делимитация жасап алды. Сол себепті біздің елдің өзге біреумен жер аумағына байланысты талас-тартысқа түсуі мүмкін емес.
«Тағы да қайталап айтамын, Владимир Путиннің кешегі мәлімдемесі – пропагандалық айла-әрекет ғана. Бұл саяси науқан алдындағы ішкі аудиторияға арналған ойын, ал оны сыртқы аудиторияға бағытталған десек, қателесеміз», - дейді қазақстандық сарапшы.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы