$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.06.2020, 14:20
Саясат

Баткен облысы мен Сох анклавындағы жанжал себебі – сарапшылар пікірі

Екі ел арасында әлі күнге дейін шекара сызығы бекітілмеген 

Баткен облысы мен Сох анклавындағы жанжал себебі – сарапшылар пікірі
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Орталық Азияда шекара мәселесі кеше қырғыз бен өзбек арасына тағы да сына қақты. Баткендегі өзбектің Сох анклавымен қырғыз ауылдарындағы тұрғындар Чечме бұлағын пайдалануға келгенде жиі текетіресіп қалып жүрген. Себебі, ондағы бұлақтардың суын пайдалануды құжат жүзінде рәсімдемеген екі жақтың билігі тағы да сол проблемаға тап болды. Ақырында ондаған адам жараланып, үйлер отқа оранды. 

Айта кету керек, сәуір айында осы өңірде жанжал кезінде оқ атылып, қырғыздар көршілес отырған тәжік жұртымен де қырғи-қабақ болды. Қырғызстан Өзбекстан елімен шекараны делимитация жасау кезінде нақты осы Сох аймағындағы шекараларды белгілемеген деген ақпарат бар. Әлі күнге дейін арадағы 1400 шақырымға созылған шепті қымтап, нақты шешімге келе алмағаны жазылып жатыр.

ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ШЕКАРАСЫН ШЕГЕНДЕУ 140 ЖЫЛ БҰРЫН БАСТАЛҒАН

Ал, Қазақстан шекараларды анықтап, оларды құжат жүзінде бекіту бойынша Орталық Азияда тиянақтылықпен көзге түсті. Президент тапсырмасымен тиісті мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік комиссия көрші елдермен шекараны ресімдеуді қолға алды. Қазақ дипломатиясы 1993 жылдың 13 қаңтарында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң аясында келіссөздерге кірісті.

Еліміз дипломаттарының біліктілігі мен іскерлігінің арқасында 1992-2005 жылдар аралығында Азия құрлығындағы алып Қытаймен мемлекеттік шекарасын барлық периметрі мен өлшемдері бойынша нақтылап алуға қол жеткізді. Деректерде Қазақстан-Қытай шекарасы үш ғасыр бойы қалыптасып келген. Оның алғашқы құжатты ресімдеуі 140 жыл бұрын басталған.  

Ал, шекара сызығын белгілеу жұмыстарымен айналысқан мамандар Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша жүргізілген келіссөздер өте қиын және күрделі өткенін айтады. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау жұмысы екі кезеңді қамтыды. Нәтижесінде, Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтын шекара сызығы нақтыланды.

Ұзындығы 7591 шақырымдық Ресеймен екі арадағы шекара 2005 жылғы 2 желтоқсанда арнайы шартты ратификациялау туралы заң қабылдану арқылы бекітілді. Қырғызстанмен 2001 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылды. Шекара белгілерін орнату 2008 жылы басталып, 2014 жылы аяқталды. Екі елдің шекара сызығында 1055 шекара бағанасы орнатылған. Ал Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекараны делимитациялау келіссөздері 2000-2001 жылдары өтті.

ШЕКАРАНЫ МОЙЫНДАМАУ СОҢЫ – СОҒЫС

Azattyq Rýhy ақпарат агентігі тілшісіне сұқбат берген белгілі саясаттанушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, саясаттанушы Есенжол Алияров біздің еліміз екі ірі мемлекет - Ресей мен Қытайдың арасында шекара сызығын белгілеуге, ерекше мән берілгенін айтты. Қазақстандық делегация мүшелері барлық мәселеде өз көзқарастарын берік ұстанды және келіссөз жүргізуші тараптардың ұсыныстары мен дәйектеріне құрметпен қарай білгенін атап өтті.

Кеңес кезінен Қытай Қазақстанмен шекараны мойындамай жүрді. Бірақ тәуелсіздік алған соң дипломатиялық жолмен бұл мәселе шешімін тапты. Ресей Федерациясы мен Өзбекстан арасындағы мыңнан астам шақырым шекараны қиын келіссөздерге қарамастан келістіруге тура келді. Оның құндылығы сонда. Кешегі Қырғыз бен Өзбек Республикалары арасындағы түсініспеушілікке қарасақ та, екіншіден Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар да шекараны мойындамаудан туындады.

«Біз билікті көп жағынан сынға аламыз. Бір сынға аламайтынымыз - шекара мәселесіндегі тыңғылықты тірлігі. Көршілермен делимимитация жасап алуымен ұтты. Шекараны нақтылады. Бірақ  деморкация, делимитация жасау кезінде Өзбекстан және Қытаймен келісімдер ауыр жүрді. Мысалы, Қырғызстанмен де басында жер дауы болды, қазіргі Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Мерке, Қордай аудандары жағында келіспейтін сұрақтар болған. Бірақ келісімге келіп, жерді бөлісе алдық. Қағазбен  бекітілді. Сол себепті, осы күнге дейін бұл елмен шекарада жер үшін қақтығыс болмай келеді», - дейді саясаттанушы маман.

Ал, Өзбекстан мен Қырғызстан арасында оңтүстікте, яғни Ош аймағында қашан да проблема болған. Мысалы, Өзбекстан экс-президенті Ислам Каримов осындай бір түсінспеушілік кезінде бүкіл өзбектерді өз жағына көшіріп алды да, үй салып берді. Ол біреудің жеріне мұқтаж емеспіз дегенді көрсеткісі келген. Бұл жағдайды шиеленестіріп, халықтар арасында өшпенділікті одан ары арттырды.

«Қазіргі өзбек билігі бұл қақтығыстардың болмауына мүдделі. Себебі, соңғы кездері шиеленіс күшейді. Тіпті,  шекарашылар ескертусіз-ақ оқ ататын жағдайға жетті. Екі жақта да жағдайға адекватты көзқараспен қарайтын президенттер отыр. Меніңше, кешегі жағдай тұрмыстық кикілжің ретінде қаралады да, бұл мәселеде биліктер келісім үстеліне отырады. Десе де, бұл мәселеде әбден келісіп, тыңғылықты болмаса, өзбек пен қырғыздың арасындағы жарылуға шақ тұрған нүктенің бірі - осы Сох анклавы. Жері аз, халқы көп өзбек тарапы мұндай қақтығыстарды қайталай беруі мүмкін», - дейді саясаттану ғылымдарының докторы Есенжол Алияров.

Саясаттанушы Ерлан Саировтың айтуынша, өзбек пен қырғыз сан ғасырдан бері жер еміп, тату-тәтті тұрып, еңбек еткен ұлттар еді. Тарихы да ұқсас, туыс болып кеткен ұлттар болатын. Олар соңғы жылдары су мен шекара мәселелерінде ауызбірлік таныта алмай отыр. Кеңес заманында ұлттар арасындағы достықтың арқасында анклавтарды бірігіп пайдалану, ол жерде еңбек ету арқылы тұтастық қамтамасыз етілді. Алайда, тәуелсіздік алған соң идеология өзгеріп, этникалық баскөтерулер кешегідей жағдайға душар етті.

«Қазақстан бұл мәселеде Орталық Азия елдері болсын, өзге көршілер болсын, шекара конфликтілерін дер кезінде шешіп алды. Елбасы Н. Назарбаевтың дипломатиялық әрекеті мен салмақты саясатының арқасында шекараны нақтылап алдық. Барлық құжат реттеліп, БҰҰ-ның депозитариінде сақтаулы тұр. Біз қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Екінші дүниежүзіліқ соғыстан кейін әлем ландшафты жиі өзгерді, әлемдік құрылым бұзылды. Осындай алып аумаққа иелік етіп отырған халқымыз алдағы уақытта да өркениеттік бағыттан таймауы тиіс», - дейді Е. Саиров.

БАҚ-тың жазуынша, Қырғызстанның Баткен облысындағы жағдайға орай екі елдің жергілікті атқарушы билігі өкілдері кездескен. Жағдайды шиеленістермес үшін мемлекет деңгейінде комиссия құрылып, екі жақ келіссөздер жүргізіп жатыр. Соңғы деректерге қарағанда, қырғыздар жағынан 15 адам, ал Өзбекстан тарапынан 16 адам жарақат алған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары