Тоқаев Жеңіс Қасымбекке Астанадағы жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін реттеуді тапсырды
Бүгін президент Ақордада Астана әкімін қабылады

Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеңіс Қасымбек президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жайында есеп берді. Жеңіс Қасымбек барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отырғанын баяндады.
«Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 айда 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,1 пайызға жоғары. Биыл жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 3,6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деп есеп берген Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ әкім әлеуметтік нысандардың құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елордада 1 қыркүйекте 28 мың оқушыға арналған 7 жаңа мектеп ашылды. Осы оқу жылында қалада 15 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Былтырғы кезеңде 66 мың оқушыға арналған 24 мектеп, соның ішінде 16 «Келешек мектебі» ашылды. Жыл соңына дейін 4716 студентке арналған 8 жатақхана бой көтереді. Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырып, 1 миллионнан аса жасыл желек егу жоспарланып отыр», - деп есеп берген Қасымбек.
Сондай-ақ президент жылыту маусымына дайындық жайында мәлімет алған. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, үшінші жылу электр орталығының бірінші кезегін, сондай-ақ «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Яғни қосымша 1100Гкал/сағат қуат өндіре бастады.
Биыл «Тұран» стансасының екінші кезегін аяқтау жоспарланған. «Тельман» стансасының құрылысы жүріп жатыр. Екінші жылу электр орталығын кеңейту және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр.
«Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындау, жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін реттеу, жол-көлік инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді», - деп хабарлайды Ақорда.