$ 543.24  619.89  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Дархан Қыдырәлі: Адал азамат, Біртұтас ұлт, Әділетті мем­лекет – біз үшін елдіктің үштаға­ны

Сенат депутаты «Egemen Qazaqstan» газетінде ауқымды мақала шығарған

Дархан Қыдырәлі: Адал азамат, Біртұтас ұлт, Әділетті мем­лекет – біз үшін елдіктің үштаға­ны
Фото: facebook.com/darhan.hidirali

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі «Ұлттың жаңа болмысы: Бірегейліктің бүгінгі бейнесі мен болашағы» тақырыбында көлемді мақаласын жариялап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан саясаты терең әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Egemen Qazaqstan» газетіне сілтеме жасай отырып.

Сенат депутатының пайымынша, барлық салада қайта қалпына келтіру, санаға өзгеріс енгізу арқылы жаңа саяси шынайылық қалыптасты. Солардың басында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы бастамасын айтуға болады.

«Әрине, Мемлекет басшысы қолға алған өзгерістердің мақсаты реформа­лардың өзі үшін ғана емес, оның басты нәтижесі – ұлттың сапасын арттыру, Әділетті Қазақстан құру. «Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі», деген Президент әділдік қағидасын қатаң ұстанып келеді. Бұл бағытта баршаға тең мүмкіндік бере­тін инклюзивті саяси жүйе орнықтыра­­тын, экономикалық, әлеуметтік әділдік­ті қалыптастыратын ізгі бастамаларды жұртшылық жақсы біледі. Осы ретте іргелі реформалардың жа­һан­дық даму циклінің өзгеруі кон­те­ксінде жүріп жатқанын айта кеткен абзал. Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан әлемдік тәртіп пен жүйенің ауқымды трансформациясын бастан өт­керіп отырмыз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, мұндай өзге­ріс­тер ғасырда бір қайталануы мүмкін. Ғалам­дық сипаттағы технологиялық, эконо­ми­ка­лық, геосаяси және мәдени өзгерістер мем­ле­кеттерге, ұлттарға деген қысымды есе­леп арттырып отыр. Осындай геосаяси аума­лы-төкпелі шақта саяси өзгерістерді жасау аса қиын екені мәлім. Сондықтан қазіргідей құбылмалы заман құбыладан жаңыл­мас үшін ұлт және мемлекеттің бір­ле­сіп икемделуін, қоғам мүшелерінің бір-біріне сенуін талап етеді. Қоғамның мемлекетке, мемлекеттің қоғамға сенім білдіруі маңызды. Әділет, адалдық, мейірім секілді құндылықтар болмаса, сенімнің де болуы мүмкін емес. Сол себепті қазір елімізде сенім мен әділетке сүйенген жаңа қоғамдық келісім қалыптасып жатыр», - деп жазған ол.

Мақалада жазылғандай, ұлттың болмысы, мінез-құлқы, дүниетанымы әр кезеңде уақыт пен тарих қойып отыратын мәселелер мен сауалдарға қарай бейімделуге тиіс.

«Осындай тектоникалық өзгерістер контексі және саяси қалпына келтіру әсе­рінен азаматтарда жаңа мән-мағы­на­ларға деген үлкен сұраныс туындап отыр. Бұл сұраныстардың басты өзегі – «Мен кіммін? Біз кімбіз? Біз қайда барамыз?» деген сияқты ұлттық бірегей­лік­ті қалыптастыратын сұрақтар екені белгілі. Біздің әр ғасыр сайын, тіпті әр онжылдық сайын жоғарыдағы үш сауалды өзімізге қайталап қойып отыруымыз қажет. Біздің ортағасырлық сананың орманында отырып, яки ХХ ғасырдың жол жиегінде тұрып болашақты көре алмасымыз – басы ашық нәрсе», - дейді ол.

Дархан Қыдырәлі өз мақаласында революция­дан кейінгі Франция, азаматтық соғыстан кейінгі Қытай тарихы, XXI ғасырда қалыптасқан америкалықтың болмысы туралы айта келе  қазір Қазақстан президентіні іргелі бастама­лары ішінде Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымы – жаңа заманға сай туындаған ілкімді ізденістер екенін атап өтті.

«Адал азамат, Біртұтас ұлт, Әділетті мем­лекет – біз үшін елдіктің үштаға­ны. Өсер елдің, өркенін кеңге жаяр жұрт­тың, қапысыз қоғамдық дамудың, өмір­шең ұлттық ұстанымдардың белгісі. Адал ­азаматтар озық ойлы ұлтқа айналады, береке-бірлігі жарасқан біртұтас қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады. Бірі­не-бірі байланған, біріне-бірі айнал­ған, бірінсіз бірі жоқ осы үштаған – біз­дің ұлттық мұратымыз. Әділдік қағидаты, біртұтастық идеясы, береке байламы – бұлар бар жерде елдің еңсесі биік, ертеңі жарқын, мұраты нақ, мақсаты анық. Мұн­дай қоғам ең жауапты кезеңде екіұдай болып жарылып, бөлінуге емес, бірігуге бейім, бір тудың астында тұруға ынталы. Бір мақсат, бір тілекке жұмылуға құлықты. Осындай қоғам ғана біртұтас ұлттық мүдденің жолына қызмет етеді. Шын мәнінде, әділдік – Президент атап айтқандай, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Бұл ретте әділдік пен жауапкершілік – етене тығыз байланысты ұғымдар. Әл-Фараби айтқан қайырымды қоғам жауапкершілігі жоғары, озық ойлы адал азаматтардан құралады. «Құтты білік» арқылы кемел кісілік пен әділеттің рәмізін мүсіндеген Жүсіп Баласағұнның ілімін жалғаған Абай «Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға» деп әділдік ұғымын толық адам концепциясының өзегіне айналдырады. Абыз ақынның пікірінше, әділетті сүю – Алланы және адамзатты сүю сияқты ізгіліктің бастауы. Ал адал азамат дегеніміз – осы толық адам ұғымының заманға сай жаңғыруы. Сондықтан ол адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Көріп отырғанымыздай, ұғымдар да заманға сай бейімделеді, өзгереді, жаңарады. Мысалы, Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Сондықтан «Озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам», деген Мемлекет басшысы есірткі саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм, ысырапшылдық сияқты бес кеселмен бүкіл ел болып күресудің маңыздылығына тоқталады», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары