$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық форумы өтті

17 маусымда Астанада екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті.

Астанада Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық форумы өтті
Фото: Azattyq-ruhy

Бүгін Астанадағы президент орталығында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту форумы және «Жібек жолы» атты Үшінші халықаралық коммуникациялық конференция өтіп жатыр. Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Арман Қырықбаев, ҚХР «Синьхуа» ақпарат агенттігінің бас директоры Фу Хуа, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чунлинь және бірқатар елдердің медиа өкілдері мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форумның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.

Президент бұл форумның Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.

«Мұндай іс-шаралар тұрақты диалог пен мәдени ықпалдастықты нығайтып, стратегиялық серіктестікті тереңдетуге жол ашады. Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм жылы аясында көптеген ауқымды жобалар іске асырылды. Бүгінгі форум БАҚ арасындағы байланысты дамытуға тың серпін береді деп сенемін», – делінген Тоқаевтың хатында. 

«Синьхуа» агенттігінің бас директоры Фу Хуа Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың тарихи маңызына тоқталып, бұл ынтымақтастықтың негізінде өзара сенім мен сыйластық жатқанын атап өтті.

«Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қытай–Орталық Азия саммиттерінде ортақ тағдырлы қауымдастық құру идеясын ұсынды. Бұл – өзара тиімділікке, бірлікке және тұрақты дамуға бағытталған ұстаным», – деді ол.

Фу Хуа Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда көлемі өткен жылы 94 миллиард АҚШ долларына жеткенін, ал Қытай инвестициясы 30 миллиард доллардан асқанын айтты. Сонымен қатар, гуманитарлық алмасулар мен медиа ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін атап өтті.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов өз сөзінде форумның маңызын сараптамалық, мәдени және ақпараттық саладағы ынтымақтастық тұрғысынан бағалады. 

«Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бір белдеу – бір жол бастамасы мен өңірлік даму стратегиялары өзара түйісіп отыр. Біз гуманитарлық, медиа және зияткерлік бағыттарда тығыз байланыс орнатуға тиіспіз», – деді вице-министр.

Ол қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ынтымақтастық пен тұрақты даму бағытын ұстану маңызды екенін айтып, форум аясында қабылданатын шешімдердің өңірлік серіктестікті нығайтуға серпін беретінін атап өтті.

Еске салайық, 17 маусымда Астанада екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті. Өңірлік бірлік пен серіктестікті нығайтуға бағытталған жиында «Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шарт» қабылданды.

Серіктес жаңалықтары