Жұмыс істеуге құлықсыз мәслихат депутаттары мандатынан айырылады – «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитеті
Бес әкімге «AMANAT» партиясынан сөгіс жарияланды

Қазақстандағы 705 ауыл мен 18 қала осы күнге дейін таза ауыз сумен қамтылмаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай барлық елді мекенді таза ауыз сумен 100% қамтамасыз етуді тапсырғанына және соңғы үш жылда бюджеттен 700 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгеніне қарамастан, ондаған мың отандасымыз құдық пен су таситын көліктерді пайдаланып отыр. Осы жағдай «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқылады. Оған орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ бейнеконференц-байланыс режимі арқылы облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты, деп жазады Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қолжетімділік – 99,4%-ды, ал ауылдарда – 97,8%-ды құрады. Алайда қалған пайыздар жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен олар атқарған жұмыс барысындағы жүйелі сәтсіздіктерге тиесілі.
«Бір мәселеге бірнеше мәрте тап болып отырмыз. Жер асты суының есепке алынбаған деңгейі, немқұрайлы мердігерлер, ЖСҚ түзетулерін кешіктіру, жоспарлау барысындағы қате есеп. Осы олқылықтар 2020 жылы емес, 2025 жылдың ортасында, Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалуы керек кезде орын алып отыр. Неге Абай облысы Глуховка ауылындағы құрылыс жұмысы 80% дайын нысан иесіз қалды? Неге әлі күнге дейін балансқа қабылданбайды және қорғалмайды? Неге қаражат пен мердігер бола отырып, Қарағанды облысы Шұңқыркөл ауылындағы су құбырында жұмыс кестеге сәйкес жүргізілмейді? Біз нысан құрылысы аяқталатын нақты мерзімді, жауапты орындаушыларды және адамдардың суға қол жеткізуіне кепілдік беруді талап етеміз. Қағаз жүзінде емес, шын мәнінде солай болуға тиіс», – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, тіпті ресми жоғары көрсеткіштер де мұнымен тоқтап қалуға жол бермейді.
«Біз 97,8%-ды жақсы көрсеткіш деп естіп жатамыз. Алайда жағаға бір метр жетпей қалу - өзенді толық жүзіп өту деген сөз емес. 6 мыңнан астам ауылдың 705-і әлі күнге дейін сусыз отыр. 90 қаланың 18-і толық қамтылмаған. Яғни, сумен жабдықталмаған мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалған жоқ», – деді ол.
Өңірлердегі проблемаларға ерекше назар аударылды. Мәселен, Ақмола облысында судың микробиологиялық көрсеткіштер бойынша стандарттарға сәйкес келмеуі 6,7%-ды құрайды. Бұл – республика аумағындағы орташа деңгейден сегіз есе жоғары. Санитарлық-химиялық заттар бойынша – 17,3%. Яғни, нормадан төрт есе көп.
«Біз тек су туралы айтып отырған жоқпыз. Біз адамдардың денсаулығы туралы айтып отырмыз. Ауылға құбыр тартылып, су берілмеуі – дамудың белгісі емес. Ақмола облысындағы Талапкер және Қажымұқан ауылдарында желілер 2018-2021 жылдары салынды. Алайда тұрғындар әлі суға қол жеткізген жоқ. 13 мыңнан астам адам әлі күнге дейін сумен қамтамасыз етілмей отыр. Бұл жергілікті биліктің тікелей жауапкершілігі», – деді Комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина.
Мемлекеттік аудит нәтижесінде ондаған заң бұзу фактілері анықталды. Абай облысында 55 жобаның тек 14-і ғана пайдалануға берілді. Қалғандары тоқтады немесе жүзеге асыру мерзімі шегерілді. Павлодар облысы Ақтоғай ауылында су құбыры желілерін тарту жұмысы 2023 жылы аяқталуға тиіс еді. Алайда жұмыс мерзімі бес рет ұзартылды, ал мердігер ешқандай жауапкершілікке тартылмады. Жезқазған қаласында Кеңгір су қоймасының түбі 1996 жылдан бері тазаланған жоқ. Бұл су сапасына тікелей әсер етеді.
«Жобалық құжаттар дайындау және тендер өткізу кезінде жиі кездесетін бұзушылықтар байқалды. Жауапсыз мердігерлер үнемі кездеседі. Кейін іс қозғалады. Келісімшарттар бұзылады. Ал тендерге қатысушылар сотқа шағым түсіреді. Мұның бәрі қарастырылып жатқан кезде, екі жылға жуық уақыт өтеді. Тендер қорытындысын қарау жұмысы Жоғары сотқа дейін жеткен фактілер бар. Осы уақыт аралығында жұмыс тоқтап тұрады. Жобалар, техникалық сараптама, смета, бәрі ескіреді, түзетулер енгізіледі және қымбаттайды. Ал адамдар су тартылғанын күтіп отыра береді», – деді Комитет мүшесі Әнуар Ілиясова.
Абай облысы Бесқарағай ауданы Глуховка ауылындағы нысан – өрескел немқұрайлықтың айқын мысалы. Онда 2021 жылы 586 миллион теңгеден астам сомаға су тарту құрылыстары мен желілерін салуға келісімшарт жасалды. 2022 жылдың соңына қарай жұмыстың 80%-ы тәмамдалғанымен, сол қалпы толық аяқталған жоқ.
«Мердігер жауапсыз деп танылып, шарт бұзылды. Нысан пайдалануға берілмеген, әкімдік балансына қабылданбаған. Соның салдарынан, нысан – толық бақылаусыз жағдайда. Сорғы станасы тоналып, қымбат жабдықтар ұрланды. Есіктер сынып, темір адаптерлер қолды болды. Бұл – немқұрайлық, қылмыстық әрекетсіздік. Сондықтан осы және өзге де жағдайлар бойынша барлық материал құқық қорғау органдарына беріледі. Кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек», – деді Әнуар Ілиясова.
Отырыста Қарағанды облысындағы жағдайға ерекше назар аударылды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Арман Қалықовтың айтуынша, қызметкерлердің жалақысы төмен болғандықтан алдағы уақытта Қ.Сәтбаев атындағы канал мамандарсыз қалуы мүмкін. Сонымен қатар, жабдықтың тозуына қатысты мәселелер де бар.
«Қазір канал апатты жағдайда. Біз ол жаққа жиі барамыз. Онда орташа жалақы мөлшері 180 мың теңгені құрайды. Алып сорғыны, биіктігі тоғыз метрді құрайтын білікті және бір жарым метрлік дөңгелекті көзге елестетіп көріңіздерші. Оның бәрін реттеу де оңай емес. Ал бұл адамдар ынта-жігерімен жұмыс істейді. Егер канал тоқтаса, Теміртау, Қарағанды, Екібастұз және Астана қалалары сусыз қалады», – деді ол.
Бұған жауап ретінде Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев биыл жаңа сорғы қондырғыларына тапсырыс жарияланғанын, ал канал 2028 жылға дейін қайта жаңғыртылатынын жеткізді. «ҚазСуШар» РМК қызметкерлерінің, соның ішінде Қ.Сәтбаев атындағы канал персоналының жалақысы биыл 30%-ға көтеріледі.
Бұл ретте, Партиялық бақылау комитеті 2022 жылдан бері сумен жабдықтау мәселесімен жүйелі түрде айналысады. Мәселен, партияластардың күшімен 2024 жылы шілдеде Нұра топтық суағары учаскесін қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Ақмола облысы Егіндікөл ауданының 30 мыңнан астам тұрғыны алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті барлық артта қалған нысандар бойынша ЖСҚ әзірлеу және бекіту жұмысын күшейтуді; конкурстық рәсімдерді аяқтауды және әкімшілік кідірістерді жоюды; қаражаттың игерілмеуіне кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуды; санитарлық тәуекелі жоғары өңірлерде су сапасын қадағалауды қамтамасыз етуді; партиялық бақылау шеңберінде мәслихат депутаттарының жұмысын күшейтуді ұсынды.
«Мемлекеттік органдармен, әкімдердің сумен жабдықтау саласына тікелей жетекшілік ететін орынбасарларымен жан-жақты әңгімелестік. Өз округтерінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысын бақылауға тиіс мәслихат депутаттарына, партиямыздың мүшелеріне де қояр сұрағымыз бар. Егер олар өздеріне жүктелген жұмысты жүйелі жүргізбесе, жауапкершілікпен қарамайтын болса, мандатты қайтарып алуға дейін мәселе көтереміз. Су – артықшылық емес, қажеттілік. Әр отандасымыз суға қол жеткізуге құқылы. «AMANAT» партиясы осы құқықтың әр үйде, әр ауылда, әр қалада сақталуына қол жеткізеді», – деп қорытындылады Павел Казанцев.
Сонымен қатар, Партиялық бақылау комитетінің шешімімен алты шенеунікке сөгіс жарияланды. Абай облысында: Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев – Глуховка ауылында сумен жабдықтау нысанының сақталуына бақылау жүргізілмегені үшін; Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов – Талица ауылында су құбыры желілерін тартудың конкурстық рәсімін кешіктіргені үшін; Бородулиха ауданының әкімі Айдар Ибраев – Переменовка және Ремки ауылдарында су құбыры желілерін тарту мерзімін жылжытқаны үшін; Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев – Барқытбел, Егінсу және Үржар ауылдарында сумен жабдықтау нысандарын салу мерзімін бұзғаны үшін партиялық жауапкершілікке тартылды. Қарағанды облысында Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров сумен қамтамасыз ету нысандарын электр желілеріне қосуды келіспегені және бірқатар нысандағы жұмысты кешіктіргені үшін сөгіс алды.