Қазақстан мен Канада ядролық қаруды таратпауда өзара іс-қимыл орнатуға дайын
Бұл мәселе екі елдің сыртқы істер министрлері телефон арқылы жүргізген әңгіме барысында талқыланған
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Канаданың Сыртқы істер министрі Франсуа-Филипп Шампанмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімеге бастама білдірген Канада тарапы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сілтеме жасай отырып.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты хабарлап отырғандай, әңгіме барысында екі елдің COVID-19 пандемиясымен күресу жөніндегі шаралары, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективалары, халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланған.
«Тараптар пандемия адамдардың күнделікті өмірін түбегейлі өзгерткенін және халықаралық қатынастардың барлық жүйесіне елеулі әсер етіп отырғанын атап өтті. Франсуа-Филипп Шампанмен Канаданың және Ямайканың бастамасымен өткен коронавирус пандемиясы дәуіріндегі тұрақты дамуды қаржыландыру жөніндегі БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі іс-шарасына қатысқаны үшін және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мазмұнды сөзі үшін алғысын білдірді», - деп хабарлайды СІМ сайты.
Қазақстан мен Канаданың сыртқы істер министрлері сөз соңында екіжақты форматта да, халықаралық аренада да ядролық қаруды таратпау, орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі және адам құқықтары мәселелері бойынша өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға дайын екенін мәлім еткен.