$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Конституциялық сот құрылғалы оған 9000 мыңнан астам азамат жүгінген – Үнзила Шапақ

AMANAT  фракциясының мүшесі Конституциялық сот қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертіп жатқанына тоқталды

Конституциялық сот құрылғалы оған 9000 мыңнан астам азамат жүгінген – Үнзила Шапақ
Фото: мәжілістің баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Қазақстанда пайда болған Конституциялық соттың жұмысына оң баға берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған түбегейлі саяси реформалар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басталған болатын.  Бұл Конституцияға өміршең серпін беріп, либерал-демократиялық құндылықтардың елімізге дендеп енуіне, дамудың жаңа белесіне көтерілуге негіз болды.  Соның ішінде, айрықша, шоқтығы биік өзгерістің бірі – Конституциялық соттың жаңадан құрылуы дер едім», - дейді депутат.

Оның айтуынша, адам құқығын сақтап, заң мен тәртіптің үстемдігін орнату үшін кез келген елге дәл осындай тетік керек. Ал, ондай тетік, яғни, Конституциялық сот елге не берді деген сұраққа жауап берген депутат бірнеше мәселені ерекше атап өтті.

«Біріншіден, Конституцияның үстемдігін толыққанды қамтамасыз етуде билік тармақтарындағы тежемелілік пен тепе-теңдік жүйесін, мемлекеттік биліктің тұрақтылығын  сақтауға жол ашылды. Демократиялық жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдар жасала бастады.

Президент пен Парламент сайлауын өткізудің дұрыстығын, тіпті референдумның барысын бақылайтын толыққанды институтқа айналды.

Екіншіден, адам құқығын қорғаудың конституциялық механизмін кеңейтті. Бұрын Конституциялық кеңеске Президент, Премьер-министр, Парламент палаталарының спикері, депутаттар санының бестен бірі және судьялар ғана жүгіне алатын. Қазір бұл аталғандардан басқа еліміздің Бас прокуроры, адам құқығы жөніндегі Уәкіл, сонымен қоса барлық азаматтар жүгініп, өз мәселесін шешуге мүмкіндік алды.

Үшіншіден, қолданыстағы заңдардың және олардың жекелеген нормасын Конституцияға сәйкестігін тексеру құзыреті қарқынды жұмыс істеуде. Конституциялық сот құрылғалы 9000 мыңнан астам азамат жүгініп, оның 8 пайызға жуығы конституциялық өндірістен өтіп, өз шешімін тапты. Сөйтіп, бұрыңғыға қарағанда конституциялық құқықтық мониторинг ауқымы кеңейіп, нормативтік-құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін тексеру нәтижесі заң шығару үдерісінің сапасын арттыруға, заңнаманың жетілуіне негіз болды», - дейді депутат.

Депутат 60 мемлекет мүше болып отырған Еуропа Кеңесі жанындағы Венециялық комиссия құрамында 8 жылдам астам  уақыт жұмыс істегенін айтып,  сол елдердің тәжірибесін алға тартты.

«Бүгінде әлемнің 119 елінде конституциялық бақылау органы жұмыс істейді. Кейбір елдерде оны сот билігі жүзеге асырады, кейбіреулерінде Парламент қабылдағанға немесе қол қойылғанға дейін заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексерумен, яғни алдын ала бақылаумен ғана шектеледі. Басқа елдерде конституциялық бақылау органдары қолданыстағы заңдарға қатысты кейінгі бақылауды жүзеге асырады. Енді келесі бір елдерде конституциялық бақылау үлгісі алдын-ала және кейінгі бақылау элементтерін біріктіре отырып, аралас сипатқа ие. Ал Қазақстанда көптеген елдерде тараған үшінші үлгі енгізілді. Бұл жүйе қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеп отыр», - дейді ол.

Сондай-ақ, Үнзила Шапақ атап өткендей,  Конституциялық сот өндірісіне 9000 астам өтініш. Осылайша,  Конституциялық сот арқылы ел азаматтары өздерін толғандырып жүрген мәселелеріне жауап алып, нақты шешімін білді.

«Мәселен, бала асырап алу кезіндегі балалардың құқықтары мен мүдделеріне, алимент өндіріп алуға, жас балалардың ата-аналарының әлеуметтік құқықтарына,
ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарына, жер қатынастарындағы мұрагерлік құқығына, бейбіт жиналысқа қатысты мәселеге байланысты істер сараланып, азаматтардың өтініші қанағаттандырылды.  Әрине, бәріміз де құқықтарымыз бен бостандығымыз әділ және конституциялық кепілдендірілген құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Бұл ретте, Конституциялық Соттың шығарып жатқан шешімдерінің орындалу механизмін жетілдіру өте маңызды.  Мәселен, Конституциялық Сот құрылған сәттен бастап 68 нормативтік қаулы шығарды. Оның ішінде 18 қаулы бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды, 20 қаулы Мәжілістегі заң жобалары құрамында қаралып жатыр», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары