Мектеп директоры ұстазды жағасынан алған оқушыны ұрып жіберген
Тәртіп сақшылары істі қарап жатыр

Өзбекстандағы Самарқанд облысында мектеп директоры мұғаліммен жанжалдасып қалған 8-сынып оқушысын ұрды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми ақпаратқа сәйкес, оқиға 17 наурызда Нарпай ауданындағы №50 мектепте болған. Директор сыныпқа кірген сәтте оқушының биология пәнінің мұғалімінің жағасынан ұстап тұрғанын көріп, оларды ажыратпақ болған. Алайда ашуланып, оқушыны шапалақпен ұрғанын мойындаған.
Жанжал сабақ кезінде басталған. Оқушы сыныптасымен қатты сөйлесіп, ескерту алғанымен, тыңдамаған. Сол үшін мұғалімнен сөгіс алған оқушы оны балағаттап, нәтижесінде екеуінің арасында жанжал туған. Кейін бұл туралы сыныптағы басқа оқушылардың бірі директорға хабарлаған.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.