$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан тектоникалық саяси өзгерістер кезеңін өткеріп жатыр – Саиров

Ол елде жеке басқа табынушылық жойылғанын айтты

Қазақстан тектоникалық саяси өзгерістер кезеңін өткеріп жатыр – Саиров
Фото: AMANAT

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Қазақстандағы саяси реформалардың маңызы туралы айтып, елдің даму бағытына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінгі саяси өзгерістерді дұрыс сараптау үшін ел тарихына көз жүгірту маңызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«1990 жылдардың басында елімізде нақты плюрализм мен демократияға бағытталған іс-қадамдар орын алды. Парламент пен атқарушы билік арасында тепе-теңдік болып, конституциялық құрылысты бақылап отыратын институттар жүйелі жұмыс атқарды. Бірақ 1995 жылғы Конституция саяси жүйемізді жекелеген топтар мен кейбір тұлғалардың мүддесіне жұмыс істейтін жағдайға жеткізді. Сөйтіп, билік толық сол кездегі Президенттің қолында шоғырланып, Парламент формальды рөл атқарды. Нәтижесінде, қоғамдық процесстер бір бағытта ғана жүріп, азаматтар мен билік арасында байланыс үзілді», - дейді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстанда қоғамдық-саяси дағдарыс 2010 жылдан бастап өршіді.

«Мәселен, жер реформасына қарсылық және халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне наразылық ретінде кейбір әлеуметтік топтардың бас көтеруі орын алды. 2019 жылы осындай күрделі кезеңде билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Президент билікке келісімен «Қазақстанда саяси реформалар жасамай, еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес», – деп мәлімдеді ол.

Депутат ұлттық кеңес саяси реформаларды эволюциялық жолмен шешуге бағытталғанын айтты.

«Тоқаевтың Жарлығымен саяси реформаларды жоспарлау үшін арнайы Ұлттық Кеңес құрылды. Ұлттық Кеңес елдегі ушығып тұрған саяси процесті эволюциялық жолмен шешуді көздеп, Президент өкілеттілігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселелерін қарастырды. Басты мәселе – елімізде қалыптасқан «жеке басқа табынушылық» процессін жойып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа тұрпатты, халықтың қоғамдық мүддесіне сәйкес келетін саяси жүйе қалыптастыру», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Ол атағандай,  бұл реформаларға ескі жүйе дәуірінде Қазақстанның саяси сферасына, экономикалық жүйесіне дендеп кіріп алған олигархиялық, бюрократиялық топтар қарсы болды.

«Осы реваншисттер 2019 жылдан бастап Президент Тоқаевтың реформаторлық курсына жүйелі түрде қарсылық білдірді. Бұл әрекеттері Қаңтар оқиғасындағы ауыр жағдайларға алып келді. Қаңтар кезеңінде Президент Тоқаев Қазақстан мемлекетін ауыр алапаттан құтқарып қалды. Қаңтар оқиғалары саяси реформаларға жаңа пәрмен берді», - дейді ол.

Ерлан Саиров атағандай, 2022 жылы референдум нәтижесінде – Президенттің бір ғана 7 жылдық мерзімге сайлану тәртібі енгізілді.

« Аудан, ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлайды. Қысқа кезеңде еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Үкімет пен Парламенттің арасындағы тепе-теңдік пайда болып, аймақтардағы мәслихаттардың рөлі мен орны артты. Саяси реформалар еліміздегі қоғамдық-саяси процеске азаматтардың араласуына жол ашты. Президенттің шешімімен құрылған Ұлттық Құрылтай шынайы халықтық диалог алаңына айналды."азақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау – басты стратегиялық курс. Ұлттық Құрылтай аясында Президенттің шекаралық аудандарды дамытуға бағытталған Үкіметке нақты тапсырмалары осы бағыттың айғағы. Мемлекет басшысы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ШҚО, Абай облыстарында Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандары ашылды. Халық арасында бұл аудандардың ашылуы жаппай оптимизм туғызып, сол аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуының шапшаңдауына әкелді. Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтаудың келесі қадамы ретінде, AMANAT партиясының ұсынысымен «Қазақстанның шекаралық аудандары» жөніндегі Заң қабылдауға тапсырма берді. Бұл қадам Қазақстанның 65 шекаралық ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін мықты серпін болары анық», - дейді ол.

Ол атағандай, саяси реформалар нәтижесінде халықтың саяси тынысы ашылды. Елімізде плюрализм дәрежесі артты.

«Осы орайда әлеуметтік желі арқылы Қазақстан дүниежүзілік саяси процестің бір бөлігіне айналды. Жаһандық деңгейде қоғам мен истеблишменттің арасындағы қарым-қатынас күрделену үстінде. Еуропа, Америка елдерінде азаматтардың «үнемі наразылығы» нормаға айналып келеді. Бұл тенденция бізге де келетіні анық. Тіпті, оның ұшқындарын біз қазір де сезінудеміз. Сондықтан Қазақстандағы саяси реформация перманентті процесс болуы қажет», - дейді ол.

Депутат атағандай, Қазақстанның географиялық жағдайы өте күрделі.

«География – ол тағдыр. Сондықтан, жағрафиялық жағдайымыз күрделі мемлекет ретінде, бізге Тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты сақтау – ең басты мәселе. Осы ретте, саяси реформалар, плюрализм принциптері мемлекетшілдік, отаншылдық қағидаттарымен ұштасып жатуы қажет. Халықта мемлекетшілдік болуы үшін, елде әділеттілік болуы керек. Сондықтан әлеуметтік мемлекет құруға бағыт алынды. Оның басты дәлелі – еліміздің қазба-байлықтарына мемлекеттің иелігін артырып, несие алушылардың құқын қорғау, Ұлттық Қор – балаларға тәрізді заңдар. Бұл қадамдар азаматтар мен мемлекеттің бірлігін арттыратын фактор. Президент реформаларының басты логикасы осында», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары