Қазақстанда митинг туралы заң қашан күшіне енетіні белгілі болды
Жаңа заңның күшіне енетін күні туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады
Дереккөзіне сүйенсек, заңға Президент қол қойғаннан кейін күнтізбедегі он күш ішінде ол өз күшіне енуі керек.
«2020 жылдың 25 мамырында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға қол қойды. Заң алғаш ресми жарияланған күннен бастап, он күннен кейін қолданысқа енеді. Заң 2020 жылғы 26 мамырда жарияланды, сәйкесінше 2020 жылғы 6 маусымда күшіне енеді», - деп хабарлады министрліктің телеграм каналы.
Ал, 6 маусымға дейін «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» 1995 жылғы 17 наурызда қабылданған заң күшінде тұрады.
Сондықтан, министрлік бейбіт жиналыстар туралы хабарламалар мен бейбіт жиын өткізуге келісім алу үшін өтініштер «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңы күшіне енгеннен кейін ғана қабылдана бастайтынын ескертеді.