Әзербайжан Украинаға 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсететін болды
Кезекті гуманитарлық көмек ертең аттанбақ

7 ақпанда Әзербайжан Украинаға гуманитарлық көмектің жаңа партиясын жібереді. Көмек негізінен электр жабдықтарынан тұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ел президенті Ильхам Әлиев Украинаға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Әзербайжанның энергетика министрлігіне қаржы бөлу туралы жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, Әзербайжанның 2025 жылғы мемлекеттік бюджетінде қарастырылған президенттің резервтік қорынан 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаржы Әзербайжанда өндірілген электр жабдықтарын сатып алып, Украинаға гуманитарлық көмек ретінде жіберуге арналған.
Әзербайжан әлемнің көп елдеріне гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Бұл – елдің гуманизм принциптеріне негізделген екіжақты және көпжақты ынтымақтастық аясындағы тұрақты әрекеті. Украинаға көрсетілген көмектің жалпы сомасы 70 миллион манатқа (шамамен 40 миллион АҚШ долларына) жетті.
Сонымен қатар, Украинадағы соғыстан зардап шеккен және жақындарынан айырылған балаларды медициналық және психологиялық оңалту мақсатында Әзербайжанға әкелу де гуманитарлық көмектің маңызды бөлігі болды.