Супер президенттік биліктен ықпалды Парламентке дейін: сарапшылар саяси реформалардың маңызын талқылады
Сарапшылар маңызды бастама жайлы айтты

Қазақстан президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat.» ұлттық сараптама алаңының отырысында сарапшылар елімізде жүзеге асырылған реформалар жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 жылдық саяси реформаларының қорытындылары жан-жақты талқыланды.
ҚЗСИ директоры Еркін Тұқымов соңғы үш жылда елде жүзеге асырылып жатқан реформалар тек Қазақстан үшін ғана емес, посткеңестік кеңістік үшін де маңызды болып отыр.
«Конституцияда жер ресурстары мен жердің иесі халық екені нақты көрсетілді. Мысалы, оның аясында «Ұлттық қор-балаларға» жобасы іске қосылды. Супер президенттік биліктен ықпалды Парламентке өту жалғасып жатыр. Демократиялану үшін маңызды заң жобасы президент өкілеттігінің 7 жылдық мерзімге қойылуы болды», – дейді Тұқымов.
Оның айтуынша, мұндай бастама посткеңестік кеңістікте кездескен емес. Бұл – елді демократияландыру жолындағы айтулы қадам.
«Президент саяси партия құрамынан шығып, жақындары саяси лауазым пен квазимемлекеттік секторда басшы бола алмайтын болды. Констициялық сот қайта жаңғырып, әкімдердің тікелей сайлауы өткізіліп жатыр», – деді ҚЗСИ басшысы.
Ал Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова саяси реформалар басталғалы реформаларды қабылдау емес, оларды жүзеге асыру аса үлкен мәнге ие болғанын айтты.
«Мен бүгінгі іс-шарада 3 жыл бұрынғы Конституциялық реформаның өнімі ретінде қатысып отырмын десем де болады. Заң мен тәртіп ұғымын тәжірибе және ғылым ретінде талқылап жатырмыз. Осы формуланы өзге елдердің ұстанымы арқылы қазақстандық санада кіріктіруге тырысып жатырмыз. Себебі бұл мәселе көп елде әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Мәселен, жақында Польша Конституциялық соттың мәртебесіне қатысты өзгертулер енгізді»,- дейді Әзімова.
Реформалар 3 жылдан бері жүзеге асырылып жатса да, бірден нәтиже бермейтінін ҚЗСИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина атап өтті.
«Кез келген реформаның алдымен заңнамалық негізі қаланады. Заңға өзгеріс енген соң, жүзеге асады. Реформа – үзіліссіз жүретін процесс. Халықаралық практикада реформалардың сәтті өтуіне көз жеткізу үшін 10-15 жыл уақыт керек. Біз 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін сайлай бастадық. Төрт жыл бойы 6800-ге жуық ауыл әкімі сайлаудан өтті. Биыл шілдеге дейін барлық ауыл әкімін жаңартып шығуымыз керек. Ол әлі де процесс ретінде қалыптасып келе жатыр»,- дейді Жолдыбалина.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Айдос Сарым экономика, саясат бағыттарына араласып жатқан адамдардың саны арта түскенін ерекше қозғап өтті.
«Идеалды формат елдегі 13 млн-нан астам адам сайлаушы болса, олардың барлығы саясатқа белсенді араласуы тиіс. Осы жүйеге келе жатырмыз. Ол бір күнде жүзеге асып кетпейді. Сайлауға қанша адам қатысады? Референдумға неше адам келеді? Ауыл әкімінің сайлауына қанша адам келді? Ол сайланған соң, оған көмектесуге әзір ме? Міне, осы сұрақтар маңызды. Өзгерістің жемісін саясатқа араласып, осы жауапкершіліікті тек президент пен Парламентке ысырмай, барлығына ортақ болуы керек», – деді Айдос Сарым.
Сондай-ақ сарапшылар үш жылдық реформаның нәтижелерін ортаға салып, негізгі қағидаларды талқылады.