Вашингтондағы USAID штаб-пәтері жабылды
Бұл іске Илон Маск та араласқан еді

АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) Вашингтондағы штаб-пәтерін ресми түрде жапты. Бұл шешімді АҚШ әкімшілігі қабылдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
USAID кеңсесі неге жабылды
USAID – АҚШ-тың халықаралық азаматтық көмекті тарату және әлем бойынша даму бағдарламаларын қолдау жөніндегі негізгі агенттігі. Ол Вашингтондағы Рональд Рейган ғимаратында орналасқан еді. Телеарнаның хабарлауынша, агенттіктің маңдайшасы алынып тасталған.
Масктің рөлі және IT жүйелерді бақылау
Fox News хабарлағандай, АҚШ-тың мемлекеттік басқарудың тиімділігі жөніндегі департаменті (DOGE) агенттіктің барлық компьютерлік жүйелерін, соның ішінде құпия ақпараттарды бақылауға алған. Бұл департаментті миллиардер Илон Маск басқарады.
Конгрестің зерттеу қызметінің мәліметінше, өткен жылы USAID шамамен 40 миллиард доллар бюджетке иелік еткен.
Трамп пен Масктің пікірі
Дүйсенбі күні Илон Маск USAID қызметін тоқтатқанын жариялады. X Spaces платформасында өткен тікелей эфир кезінде ол президент Дональд Трамптың бұл шешіммен келіскенін айтты.
Бұған дейін Трамп журналистерге берген сұхбатында USAID-ті «радикалды ессіздер басқаратынын» және олардың жұмыстан босатылатынын мәлімдеген болатын.