Елші Дэниел Розенблюм қазақстандықтармен қоштасып, әсерлі видео жариялады
Ол 2025 жылдың 20 қаңтарында қызметінен кететінін мәлімдеген
АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм Қазақстанның он жеті өңірін аралап, ондағы құшақ жая қарсы алған халыққа алғысын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өткен жұмада мен Қазақстанның он жеті өңірін аралап шықтым. Түрлі сала мен кәсіп мамандарымен жүздестім. Барғам жерімде мені қонақжайлықпен қарсы алды. Мені құжақ жая қарсы алып, өздерінің тарихы мен дәстүрімен ашық-жарқын бөліскені үшін мен Қазақстан халқына дән ризамын», - деді ол.
Дэниел Розенблюм АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі қызметін атқару мен үшін үлкен мәртебе болғанын атады.
«Бұл достықты нығайту, серіктестіктерді қалыптастыру және екі ел арасындағы байланысты күшейтуде бірлескен жұмыс жүргізу сияқты керемет үлкен жол болды» , - деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі.
Әлеуметтік желіде оның қазақ тілінде сөйлеп, видео жолдағанына тәнті болып рахмет айтып жатқандар көп.
«Нағыз құрметке тұрарлық азамат екен. Елді құрметтеу оның тілін және дәстүрін үйренуден басталатынын баршасы біледі және оны АҚШ елшілері керемет атқарып жүр. Достық пен екі жақты қарым-қатынас тек дұрыс жағынан нығая береді деп сенеміз», «Жақсы кісі осы, азамат! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз», «Құрметті Дэниел мырза! Сізге көп рахмет, екі ел арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік тілде сөйлеп, көсегесін көгертіп, сыйластық білдіргеніңізге алғыс айтамыз. Сізге зор денсаулық тілейміз!», деп жазды желідегілер.