$ 524.75  540.6  5.12
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәжіліс депутаттары Тоқаевтың сұхбаты жайлы не дейді

Олар сұхбатта президент өзекті мәселелерді айтқанын жеткізді дейді 

Мәжіліс депутаттары Тоқаевтың сұхбаты жайлы не дейді
Фото: Ақорда

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» сұхбатына қатысты пікір білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев президентіміздің сұхбаты еліміздің ертеңіне деген көзқарасы, халықтың баянды да бақытты ғұмыр сүруіне мол сенім ұялататынын атап өткен. 

«Мемлекет басшысы былтыр оңай болмағанын, көктемгі су тасқыны кезінде бір ел, біртұтас халық болып жұмыла білгеннің арқасында зардап шеккен әрбір тұрғынды қолдаусыз қалдырмағанымызды атап өтті. Иә, көктемгі су тасқыны кезінде баспанасыз қалған тұрғындарға жаңадан үйлер тұрғызылып, қысқа уақыттың ішінде барлық жағдай қалпына келтірілді. Кезінде жіберілген кемшіліктерді президентіміз атап өтіп, келер шақта су тасқынын болдырмауға бағытталған бірқатар іс шараларды атап өтті. Жалпы президент сұхбатында еліміздің экономикасын нығайту үшін шағын және орта бизнесті қолдаумен қатар ірі бизнесті де қолдайтындығын атап өтті», - дейді Әлішев.

Ал депутат Жанарбек Әшімжан 2020 жылдың 25 маусымында президенттен өзі де сұхбат алғанын айтқан. 

«Одан бері төрт жарым жыл уақыт өтіпті. Әлемдік геосаяси кеңістікте, қазақ қоғамында да елеулі өзгерістер болды. Өксіген сәттер де, өркен жаюға нық қадам жасаған шақтар да болмай қалған жоқ. Әрине, Президент аралықта түрлі форматта өзге де республикалық арналар мен басылымдарда қалыптасқан түрлі жағдайларда немесе қоғамдық дамуды айқындау бағытында көлемді интервьюлар беріп келді. Ал бүгінгі ұлт басылымында жарық көрген астары қалың «Мақстым — экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатының жолы да, салмағы да бөлек. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мен қандай қызметте жүрсем де «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» сынды ұлттық, әдеби басылымдардан көз жазған емеспін», - деген еді», - дейді Әшімжан.

Оның айтуынша, кез келген ұлт қиын-қыстау күндерде ғана емес, өзінің бүкіл жүріп өтетін жолында пассионар, мемлекетшіл тұлғалардың соңынан ереді.

«Бүгін әлем өзгерген. Қалай бол­ғанда да жаһанданудың көшінен қалып, есік-тереземізді тас бүркеп, қымтап, шекарамызды шегендеп, қақпамызға сом темір іліп қоятын дәуір емес, әлбетте. Бармасақ, келмесек – ел жарылады, алмасақ, бермесек – дем тарылады. Әлемдік саяси көштің мозаикасына өз бояу-болмысымызды, жаратылыс пен табиғатымызды көшіріп апарғың келеді. Әлемнің саяси картасында батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік қақпақылдасып, қапсыра құшақтап қабырғаңды бір-бірден санап жатқан осынау алмағайып шақта қазақ қоғамындағы әрбір жұмыр басты, сергек саналы пенденің бірінші борышы — Тәуелсіздікті қорғау», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, ерсілі-қарсылы ағыстарға, меңзеу мен емеурінге, елдік мұраттарға құрылған бүгінгі сұхбаттың негізгі лейтмотиві осы.

«Айналдырған төрт-бес жылдың бедерінде қазақ елі алағай да бұлағай сәттерді бастан өткерді.Жүйелі реформаларға құрылған оң өзгерістер аз емес. Қоғамда көп мәселерді «Қаңтарға дейін және кейін» деп қарастыратын жағдай қалыптасып қалды… Қоғам тек сол Қаңтар оқиғасынан кейін ғана тірілген секілді әсер қалдырады. Оған дейін ешкім ит аузына ағаш тығып отырған жоқ қой. Әрине, қасіретті “Қаңтар оқиғасы” биліктің ұшар басынан ауылдық бөлімшеге дейін, алтын сандықтың үстінде отырған олигархтан күркеде күнелтіп жүрген жанға дейін, қарттарымыздың әмиянынан сәбидің жөргегіне дейін, Дубайдағы сән салтанаттың ортасында кофэ ішіп отырған алпауыттан бес мың метр тереңде кен қазып жүрген кеншіге дейін жағдайды қайта қарап, “корректировка” енгізуді күн тәртібіне қойды. Алайда, 2019 жылғы Президент сайлауынан кейінгі, жаңылмасам 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған кезең-кезеңімен (үш кезеңнен тұратын) жүзеге асырылуы тиіс реформалық пакеттер түрлі ахуалдарға қарамастан жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап айтқым келеді», - дейді ол.

Жанарбек Әшімжан атағандай, президенттің қоғамның, Парламент пен үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің алдына қойған міндеттері бойынша аз жұмыс істелген жоқ.

«Парламент төріндегі Жолдаулар, Ұлттық Құрылтай мінберіндегі тұжырымдамалар, кәсіби Форумдардағы салалық тапсырмалар, Партиялық платформалардағы міндеттер, бәрі-бәрі бір жіпке байланған жүйелі жобалар. Әрине, кейбір мәселелерде жекелеген уәкілетті органдар сыр берді. Жауырды жаба тоқитын емес, Үкіметтің біртұтас шистерналық айналымына үйлесе алмай, нәтижесінде зардабы халыққа тиген жағдайлар болды. Ең бастысы — мемлекеттік құрылымды құрап отырған негізгі жүйенің ырғақты жұмысы сыр берген жоқ. Президент Үкіметке қатысты бағасында бұл мәселені жасырып-жаппай, барын — бар, жоғын — жоқ деп атап көрсетіпті. Емеуріннен түсінгенім, алдағы күндері өтетін Үкіметтің қортынды жиынында нақты диагнозы қойлатын да секілді», - дейді ол.

Ол мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидасына құрылған сұхбатында бүгінгі қоғамымыздағы ашық сұрақтардың бәріне жауап берілгенін айтты.

Басынан бақайшығына дейін саясиланып алған бүгінгі қоғамымызда сұрақтар аз емес. Ол қандай сұрақтар еді?

  •  Уақыт белдеуіне қатысты Президенттің көзқарасы қалай?
  •  Бүгінгі экономистердің кәсіби қызметіне көзқарасы қалай?
  •  Президент негізгі басымдықтарды сыртқы саясатқа бағыттап жатқан жоқ па?
  •  Ішкі саясаттың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық кардиограммасы қалай?
  •  Қоғамда үлкен резонанс туғызған Талғардағы жағдайға қатысты ойы қандай?
  •  Қаңтар қасіретінің себеп-салдары, құпиясы толық ашылды ма?
  •  “Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару” мәселесінде “шаш ал” десе, бас алып жатқан жоқ па?
  • Ауылшаруашылығына миллиардтаған қаржы бөлінсе де тамырына неге қан жүгірмей жатыр?
  •  Заң қатайса да қоғамдағы жемқорлық мәселесі неге тиылмай тұр?
  •  Тоқаев БҰҰ-на басшы болып кетеді екен-мыс…
  •  Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді-мыс…
  •  Жаңадан Парламент сайлауы өтеді-мыс..
  •  Қос палата бірігіп, басқару жүйесінде Парламенттік республика үстемдік құрады екен…
  •  Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару қызметінде сіңірген тарихи еңбегі мен түрлі кезеңдерде жіберген кемшіліктері.
  •  Назарбаев Қауіпсіздігін басқарған кезеңде қос билік болды ма?
  •  Бұрынғы президент таяуда Мәскеуге не үшін барды?
  •  Үкімет ауыса ма?

«Сұхбатта жоғарыда атап өткен сұрақтарға ашық жауап берілген. Және бұған дейінгі қиын шақтарда атқарылған жүйелі жұмыстар мен болашақта жүзеге асуы тиіс жобалар туралы кеңінен баяндалған. Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім», - дейді ол.

Ал Қайрат Балабиев президент өз сұхбатында мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты түрлі әңгімеге нүктесін қойғанын айтты.

«Соңғы кездері парламенттік басқаруға көшетіні туралы жиі айтылып жүр. Десе де еліміз үшін тиімдісі расында да президенттік басқару болып тұр. Халқымыз қазақты бір ұлт ретінде ұйыстыру үшін ортақ шешімге келіп, хан сайлаған. Басшысыз топ адасады. Себебі отбасыдыға отағасы сияқты, мемлекеттің де басшысы болу керек. Президент мемлекеттік биліктің саяси жүйесі жалпыхалықтық референдумда таңдауға түсетінін айтты. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдасының өзі ең қолайлы саяси жүйе. Оны жүзеге асыру үшін халық үніне құлақ асатын мемлекеттің үкіметі мен атқарушы билік Президент тапсырмаларын мүлтіксіз орындауы тиіс. Сонда тұжырымдама нәтижелі болады. Өкінішке қарай экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешуде ақсап жатқан тұстар өте көп. Бұл Үкімет пен әкімдіктерге сын. Себебі Президент тарапынан еліміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылданып жатқан жоқ. Тек мемлекеттік міндеттер жер-жерде шынайы әрі нақты орындалса, сонда тұрақты даму болады һәм халықтың билікке деген сенімі арта түседі», - дейді ол.

Ол Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы - саяси тоқырауға ұшырамауға кепілдік беретінін айтты.

«Елімізде мерзімінен бұрын Парламент те, Президент те сайлауы болмайды. Ал, Үкіметтің отставкаға кетуі сайлаушылардың пікірі негізінде партиялар қабылдайтын шешім. Бұған байланысты Президент өз ойын ашық жеткізді. Еліміздің еңсесін тіктейтін әкімдерді халық рулық, жүздік дәрежеде емес, елдік деңгейде таңдаса игі. Сонда әкімдер сайлауы да нәтижесін береді. Әрбір сайланған әкім және депутаттар мемлекет артқан міндеттерді асқан жауапкершілікпен іске асыруы тиіс. Әділетті әрі жаңа Қазақстан жаңаша көзқарасты кадрлардың іскерлігі мен адалдығы әрі әділдігі арқылы қалыптасады. Президенттің әлеуметтік, экономикалық, саяси, ұлттық саясатын шын мәнісінде жүзеге асырып, есепті шынайы беретін Үкімет болса, «Күшті - Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы толық іске асады», - дейді ол.

 

Серіктес жаңалықтары