Қажыгелдиннің тұсында табысты кәсіпкерге айналған. Қосанов партия құрғалы жатқан Ахметбек Нұрсила жайлы пікір білдірді
Ахметбек Нұрсиланың соңғы кездегі әрекеттеріне саясаттанушылар баға берді

Жақында «Партия құрсам қалай болады» деп Facebook-тегі жеке парақшасына жазба қалдырған Ахмет Нұрсиланың посттары мен бейнежазбалары соңғы уақыттары Қазнетте қызу талқыланып жатыр. Өзін «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің иесі әрі кәсіпкер деп таныстырып жүрген ол биыл 8 мамырда «Сен» деген атаумен партия құрамын деген еді. Саясат десе, елең ете қалатын жұрт та Ахметбек Нұрсиланың «Мен саясаткер емеспін. Бірақ өзімді оқыған, тоқыған, өмірден, экономикадан тәжірибесі бар адаммын деп санаймын...» деп басталатын жазбасынан соң, жаңа партия құрылады екен деп даурықты.
Түрлі бизнес тренингтермен әлеуметтік желіде танылған коучтың сәуірде елдегі телеарналардың біріндегі ток-шоуға шақырылып, эстрада әншілерімен сөз қағыстырғанын ел біледі. Халық «Сен» партиясының программасын сұрап жатыр екен, оны бір аптадан кейін назарларыңызға ұсынамын деп, 14 мамырда жеке парақшасында жазба қалдырған Ахметбек Нұрсила саяси додаға бейімделген тұғырнама ұсынбады. Шетелде тұратын бір азаматпен тікелей эфирде дебат өткізді. Содан соң өзін құқық қорғау органдары күштеп қамауға алды деген видео таратып, пранк жасаған. Ертесі бұл әзіл болатын деп елден кешірім сұрап, әлеуметтік желідегі парақшасындағы жызылушыларды екіұдай ойға қалдырған.
ЖАҚИЯНОВПЕН ЖАҚСЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТА БОЛДЫ
Ашық дереккөздерінде Ахмет Нұрсиланың 2000-шы жылдары Шығыс Қазақстанда, Павлодар өңірінде белгілі кәсіпкер болғаны туралы ақпараттар бар. Одан кейін Қытайға қоныс аударып, екі жылдай аспанасты елінде өмір сүрген. Бұл туралы ол өзі де сұхбаттарында жиі айтады. Сол жылдары Павлодар мен Семейде қызмет еткен «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова Azattyq Rýhy тілшісіне өз пікірін білдірді.
«Ахметбек Нұрсиланы жақсы танимын. Павлодарда бірнеше рет кездескенмін. Сол жерде жиһаз фабрикасын басқарды. Бизнес құрылымда істейді. Жақсы жігіт. Мен соңғы жазғандарын көрдім. Қолынан келеді. Халық та қолдайды. Басқа жігіттерге қарағанда қолынан бәрі келеді. Көпбалалы отбасынан шыққан, өзі көтерілген. Семейде Әкежан (Қажыгелдин - авт.) әкімшілікте істеді. Сол бизнесін көтеруге көмектескен шығар. Ол жағын жақсы білмеймін. Ал Жақияновпен (Ғалымжан Жақиянов бұрынғы Павлодар облысы әкімі - авт.) жақсы қарым-қатынаста болды», - дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова.
Айта кету керек, белгілі дәрігер, денсаулық сақтау ісінің ұйымдаструшысы Бақыт Түменова 1994-1998 жылдары қазіргі ШҚО облыстық әкімдік аппаратында жетекші, денсаулық сақтау басқармасында және ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ал 1998—2001 жылдары Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып, одан кейінгі жылдары түрлі оппозициялық бағыттағы саяси партиялар мен ұйымдарда қызмет етті.
ПАРЛАМЕНТКЕ НЕ ҮШІН БАРАДЫ?
Ал тоқсанынышы жылдардың соңында Әкежан Қажыгелдиннің қол астында жұмыс істеген, кейін ол Үкімет басқарғанда баспасөз хатшысы болған Әміржан Қосанов Ахметбек Нұрсиланы сырттай ғана білемін деп жауап берді.
«Ол жігітті шынымен танымайды екенмін. Жақын араласпағанмын. Бізде парламентік сайлауға түсуге қазақ үшін, қоғам үшін билікшіл партиялар бар. Солардың сойылын соғатындар бар. Бізде саяси қоғам дамуы үшін соларға балама болатын күштер кіруі керек. Сол кезде қоғамда болмаса да, Парламенттің ішінде, саяси өмірде бәсекелестік, балама бағдарламалар жанданады. Ол жерге кіру үшін билікке сыни көзқарасы бар күштер енбей, парламенттік сайлау баяғыдай қалады.
Сол тұрғыдан қарағанда Ахметбек Нұрсила болсын, басқа біреу болсын, өз позициясын анықтап алуы керек. Парламентке не үшін барамын? Хайп жинау үшін барамын ба? Болмаса, ақша болған соң, партия құрамын деп емес, саяси процестерді жандандыру үшін бара ма? Оның Парламентке, Үкіметке көзқарасы қандай? Ол қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды ашық айта ала ма? Заңдарға сын айта ала ма? Ертең шенділер ұсынған заңға қарсы шыға ала ма? Сол тұрғыдан баға беру керек», - дейді Ә.Қосанов.
«МЕН СИЯҚТЫ БОЛЫП КӨРСІН»
Саясаткер Ахметбектің саяси пиары көңіліне қонбайтынын айтты. Оның ойынша, хайптың заманы кеткенін түсінуі керек. Тек Фейсбукте отырмай, ауыл-аймақты араласын, елдің жағдайын көрсін дегенге келтірді Қосанов.
«Ол жігітті бәлкім, кезінде Қажыгелдинмен жұмыс істеп жүргенде көрген де шығармын. Біздің ұйымның маңайында болған шығар. Бірақ дәл есімде қалатындай ештеңе жоқ. Жазғандарын қарап жүрмін. Маған ватсаптан бірнәрселерін жібереді. Маған да тиісіпті. «Мен екінші Қосанов емеспін» депті. Мен сияқты болып, 23 жыл оппазицияда жүріп көрсін ол. Содан соң көреміз. Қазір хайптың заманы болып кетті ғой. Жеке басқа тиісушілер көбейді. Жеке басқа тиісу арқылы саяси ұпай жинау мүмкін емес.
Оны халық түсінеді. Одан да бағдарламаңды айт, билікке қатысты позицияңды айт. Өз ұстанымыңнан айныма. Міне, мәселе сонда. Партия құру деген үлкен жауапкершілік. Оның артында ұйымдық мәселе, аймақтармен жұмыс істеу бар. Кәсіби білігің, интеллектуалдық күштер маңайыңда болуы тиіс. Жалаң сын айтып, анау жаман, мынау жаман деу тұрпайылық. Фейсбукте отырып алып, партия құрамын деп, бірнеше лайктың артынан жүгіру баланың ісі», - дейді соңғы Президент сайлауында үміткерлердің бірі болған Әміржан Қосанов.
Қазіргі таңда Тоқаевтың өзі саяси либерализация туралы айтып жатыр. Қабылданып жатқан митингке қатысты, партия құруға байланысты белгілі бір жеңілдіктер жасалып отыр. Дегенмен, Қосанов Ахметбек Нұрсиланың мәлімдемесіне билік қандай реакция жасайтынын білмейді.
САЯСИ ТЕХНОЛОГТАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК
Ал жас саясаттанушы Жұмабек Сарабеков Нұрсила мырзаны саясаткер емес, коуч ретінде білемін деді. Жақында өткен дебатын да көріпті. Сапасы төмен деп бағалады. Дебат оның деңгейінен хабар бергенін айтады. Сарапшы қазір ашық саяси дебаттар керек екенін жасырмайды.
«Оның аталған дебатта айтқан ой-пікірілеріне қарап, бір бағдарламаға сұранып тұр деп елестету қиын. Орындалуы өте қиын бір жобаларды ұсынып отыр. Меніңше, Нұрсила мырза үшін саяси технологтармен жұмыс істеу керек екені көрініп тұр. Ол образынан бастап, сөйлеу мәнері бойынша да біраз жұмыстар жасап алуы керек. Өткенде Ержан Тұрғынбаймен дебатын қарасақ, қарның ашады. Бәрін уақыт көрсетеді. Бізде өзіңіз білетіндей саяси болжам жасау «қайрымсыз іс» дейді ғой. Бақылап көрейік. Хайптың бәрі сәтті шыға бермейді. Ахметбек Нұрсила жақсы бизнесмен, бірақ саясаттың өз ережелері бар, үлкен дайындықпен келуі керек еді», - дейді Әлемдік экономика және саясат институының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.
Ақпарат үшін: (ашық дереккөзден)
Ахметбек Нұрсила – кәсіпкер, алғашқы қазақтілді бизнес-тренерлердің бірі. «Швабские колбаски» шұжық комбинатының иесі. «Асыл ағаш» («Heaven House») сауда маркасымен Павлодардағы жиһаз фабрикасын жандандырған бизнесмен. 2001 жылдан Қазақстан Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, «Саржайлау» қымыз-шұбат өндірісі компаниясының бас директоры болған. Семей-тері тон тігу комбинатын ашып, Үржар ет комбинатын қайта құрған. «Пестициды» ЖШС тыңайтқыштар сататын компанияның акционері болды. Қазір «Бизнес Бастау» атты жас кәсіпкерлік мектебінің иесі.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы