Азия саяси партияларының басқосуы: Пномпеньдегі жиын қалай өтті
Камбоджа Королдігінде аймақтық және жаһандық мәселелер талқыланды
Камбоджа Королдігінің Пномпень қаласында өткен ірі жиынға 30 елден 50 саяси партияның өкілдері келіп қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бейбітшілік пен татулық жолында» атты тақырыпта өткен Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының (ICAPP) 12-ші Бас Ассамблеясы төрт күнге созылып, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және мәдени алмасу мәселелерін талқылайтын сессияларды қамтыды.
«Бәрімізге ортақ бейбітшілік пен өркендеу жолында бірлесіп жұмыс істеудің тамаша платформасы – ICAPP-тың 12-ші Бас Ассамблеясын Камбоджа Корольдігі қабылдап алды. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, соғыстар, климаттың өзгерісі, киберқауіпсіздік, азық-түлік және су қауіпсіздігі сияқты аймақтық және жаһандық сын-қатерлер тұсында бейбітшілік пен татулық тақырыбын талқылау еліміз үшін өте маңызды. Бұл өзекті мәселелер біздің аймақтың және одан тыс жерлердің геосаяси жағдайына және геоқауіпсіздігіне үлкен әсер етеді. Осы ретте ICAPP отырысы мәселелерді шешудің әлеуетті, ашық, инклюзивті әрі тұрақты алаңына айналып отыр», - деді ашылу салтанатында сөз алған Камбоджа халықтық партиясының өкілі Суос Яра. Ол азиялық саяси партиялардың арасындағы ынтымақтастық пен серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті.
Азиялық саяси партиялар арасында аймақтық және жаһандық мәселелерді шешу үшін диалог пен ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылған жиында Камбоджа өзінің көптеген жылдар бойы қақтығыстан кейін бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу жолындағы тәжірибесін айтып берді.
Сонымен қатар Камбоджа Корольдігі 3-ші Азия мәдениет кеңесінің отырысы мен 7-ші ICAPP медиа форумын өткізді.
«Біз жалған ақпарат дәстүрлі журналистикаға, сенімді дереккөздерге, журналистер мен БАҚ-қа қауіп-қатер төндіреді деп есептейміз. Осыған орай, біз болашақ ынтымақтастығымызды жалған ақпаратпен күресуге арналған құралдар мен жақсартылған мониторинг жүйелерін бірге әзірлеуге бағыттаймыз», - делінген мәлімдемеде.
Камбоджаның ақпарат министрі Нет Феактра жалған ақпараттың расизмге, дискриминацияға жол ашып, қоғамда дүрбелең жасап, саяси сенімсіздік туғыза алатын күші барын айтты.
«Бұл халықаралық қатынастардың нашарлауына әкелуі мүмкін және бейбітшілік пен татулық жолына кесірін тигізуі мүмкін», - деді ол.
Қатысушылар дезинформациямен күресуге арналған жаһандық шаралар қабылдауды, сонымен қатар адам құқықтары мен сөз бостандығын қорғауды қолдауға шақырды. Форум соңында саяси партиялар мен БАҚ өкілдері арасындағы байланысты нығайту мен коммуникацияны дамытуға арналған «Пномпень мәлімдемесі» бірауыздан қабылданды.
ICAPP 12-ші Бас ассамблеясының нәтижесінде «Пномпень бейбітшілік декларациясы» қабылданып, оның негізгі қорытындылары мен ұсыныстары баяндалды.
Декларацияны Камбоджа Халық партиясының вице-президенті және ICAPP -тың 12-ші Бас Ассамблеясының президенті Самдек Хун Манет ресми түрде жариялады. Ол пленарлық отырыстардың, саяси партиялар арасындағы дөңгелек үстелдің, 3-ші Азия мәдениет кеңесінің және 7-ші Медиа Форумының сәтті өткенін атап, қатысушыларға алғысын білдірді. Хун Манет бейбітшілік пен татулық әрқашан ICAPP –тың басты мақсатының бірі болып қалатынын айтты. ICAPP –тың келесі Бас Ассамблеясының отырысы 2026 жылы Оңтүстік Кореяда өтпек. Айта кетсек, Азия мен Океанияның саяси партиялары аймақтағы ынтымақтастық пен дамуды одан әрі өркендету үшін 2000 жылы ICAPP - Азия саяси партиялары халықаралық ұйымын құрған. Қазақстанның AMANAT партиясы 2008 жылдан бері ICAPP комитетінің тұрақты мүшесі.