Президентттің кадрлық резервіне қатысты нақты төрт сұраққа жауап
Мемлекет басшысы «Президенттің кадрлық резервін» жасақтауды, іріктеудің барынша ашық өтуін тапсырды

Бүгін ҚР Президенті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы қабылдап, «Президенттің кадрлық резервін» жасақтауды, іріктеудің барынша ашық өтуін, мүдделі тұлғалардың онлайн-платформа арқылы қатысуына жағдай жасауды тапсырды. Осы ретте «Азаттық рухы» ұжымы «Президенттің кадрлық резервіне» қатысты нақты төрт сұраққа жауап іздеді.
1. Президентттік жастар резервін жасақтауға кімдер жауапты?
Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру мақсатында арнайы ұлттық комиссия құрылады. Олар ұсынылған кандидаттарды қарайды және өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдайды. Ұлттық комиссияның төрағасы – ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы.
2. Резервке іріктелетін кандидаттардың жас ерекшелігі қандай?
Резервке отыз бес жастан аспаған, жоғарғы білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы алынуы мүмкін.
3. Резервке алынған адамдар қандай лауазымды қызметке орналаса алады?
Олар - Қазақстан Республикасының министрлері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары, орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары және мүшелері секілді салалық лауазымдар тобына орналаса алады.
4. Резервке іріктеу қанша кезеңнен тұрады?
Резервке іріктеу бірқатар дәйекті кезеңдерді қамтиды. Олар – хабарландыру, құжаттарды қабылдау, кандидаттардың теориялық білімін тестілеу сияқты 14 кезеңнен тұрады.
P.S. Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастар форумында «Кадрлық резервке барынша азаматтық сектордан тарту міндетім» деп айтқан болатын. Сондай-ақ, бұл тізімнің алғашқы кезеңінде еліміздің ең үздік жастарынан құралған 300 адам енеді деп жоспарланған.