«Birgemiz» қоры Мақтааралда 20 үй тұрғызып береді – Бауыржан Байбек
Ол үшін 340 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданған
«Nur Otan» партиясы мен партия жанынан құрылған «Birgemiz» қоры су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдық тұрғындарға көмектесуін одан әрі жалғастырады. Атап айтқанда, Мырзакент елдімекенінде Қор есебінен 20 үй тұрғызылмақ. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Айта кетейік, «Nur Otan» жетекшілері апат болған Түркістан облысы Мақтаарал ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездескен болатын.
«Елбасының бастамасы бойынша Тұңғыш Президент Қоры мен «Nur Otan» партиясы құрған «Birgemiz» қоры да қосымша көмек көрсетеді. Осыған орай Қордың Қамқоршылық кеңесі Мырзакент елдімекеніне 20 үй тұрғызу үшін 340 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Осылайша Достық ауылы тұрғындарының баспана мәселесі толықтай шешілетін болады. Облыс әкімі Ө.Шөкеевпен бірге бөлінген жерді қарап, тұрғындармен және құрылысшылармен кездестім. Бұл жерде саман үйлердің орнына газоблоктан 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады. Жұмыс сапасы авторлық және техникалық бақылау саласындағы мамандардың қатысуымен, ерекше партиялық бақылауда болады», - деп жазды Б.Байбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, партия тарапынан зардап шеккен тұрғындарға 920 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілген. Оның ішінде азық-түлік, гигиеналық құралдар, киім-кешек, төсек-орын мен құрылыс жабдықтары бар.
«Қазір мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар толықтай қайта жөндеуден өткен немесе жаңа салынған үйлермен қамтамасыз етіледі. Су басқан аймақтағы әрбір адам республика бюджетінен 100 мың теңгеден ақша алады. Әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге 14 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді», - деп жазды партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Еске салайық, 1 мамыр күні Өзбекстанның Сардоба су қоймасында дамба жарылып, Қазақстанның Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын су шайып кетті. 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған.