$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.10.2024, 15:03
Саясат

Тоқаев Ашхабадтағы халықаралық форумда сөз сөйледі

Гуманитарлық шара ✔️  Мақтымқұлы Пырағының300 жылдығына арналған

 

Тоқаев Ашхабадтағы халықаралық форумда сөз сөйледі
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапары аясында түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент өз сөзінде Мақтымқұлының күллі шығыс жұртына ортақ ұлы ойшыл, түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаған бірегей тұлға екенін атап өтті.

«Мақтымқұлы Пырағы – әлем руханиятында орны бар тарихи тұлға. Сондықтан ЮНЕСКО ақын мұраларын «Әлем жады» атты халықаралық тізімге енгізген. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны әрі ойшылы Мақтымқұлы Пырағы жылы» деп жариялады. Бұл – барша түркі жұртының ерекше сый-құрметі екені сөзсіз. Ұйымның шешімі ақын шығармаларын халықаралық деңгейде танытуға септігін тигізеді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақорда жазғандай, мемлекет басшысының пікірінше, әлемде геосаяси ахуал ушығып, түрлі жаһандық сын-қатерлер пайда болып жатқан күрделі кезеңде ұлы ойшылдың рухани мұрасы айрықша өзекті болып отыр.

«Мақтымқұлы поэзиясы терең гуманистік ойларға толы. Ақын өз шығармаларында бейбітшілік, өзара сенім мен құрмет сияқты мызғымас құндылықтарды дәріптейді. Оның әр туындысында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік бар. Мақтымқұлы халықты басқа елдермен, яғни күллі әлеммен ынтымақта өмір сүруге шақырды. Мұны жарқын болашақтың кепілі деп түсінді», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Түрікменстан ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізіп, қарқынды даму жолына түскеніне назар аударды. Сонымен қатар бұл шаралар сан ғасырлық тарихы бар түрікмен мемлекеттілігін нығайта түсетініне сенім білдірді.

«Келесі жылы Түрікменстан тұрақты бейтараптық саясатының отыз жылдығын атап өтеді. Бауырлас жұрт осы қағидатты берік ұстанып отыр. Ұлттық бірегейлігін сақтап, елдік мүддесін қорғап келеді. Осы табанды саясатының арқасында Түрікменстанның халықаралық деңгейдегі абырой-беделі арта түсті. Бейтарап Түрікменстан әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мол үлес қосуда. Сондай-ақ Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялады. Бұл игі бастаманы Түрікменстан елі көтерді. Мақтымқұлы түрікмен жұртының іргелі ел болуын аңсап өтті. Бүгінде ұлы бабаның арманы ақиқатқа айналды. Түрікменстан өсіп-өркендеген мықты мемлекет болып отыр», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараларға тоқталып, бұл бастамалар ұлы ойшылдың мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашатынын және мәдени дипломатияны дамыта түсетінін жеткізді. Әсіресе, Астанада бой көтерген Мақтымқұлының ескерткішін екі ел арасындағы мызғымас достық пен тату көршіліктің символы деп бағалады.

Мемлекет басшысы кеше Түрікменстанға ресми сапары аясында Ашхабадта қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылғанын атап өтіп, Абай мен Мақтымқұлы туындыларында өзара үндестік пен үйлесім бар екенін айтты

«Олардың рухани мұрасы екі елдің сан қырлы мәдениетін байытып, барша адамзаттың ортақ құндылығына айналды. Қазақ-түрікмен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ. Достығымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Осы мызғымас құндылықтардың негізінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық белсенді дамуда. Мұның бәрі қазақ-түрікмен қатынастарын одан әрі нығайта түсері сөзсіз», – деді Президент.

Серіктес жаңалықтары