Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері арасында «Достастықтың академиялық астанасы» атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеудің де айрықша мәні бар

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселесіне баса назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың салалары мен бағыттарын үнемі кеңейтіп отырғанымыз жөн. Таяуда Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 елден 2 мыңнан астам спортшы келді. Бұл әлемде этноспорт қозғалысына, бұрынғы көшпелі халықтардың мәдени мұрасына қызығушылық зор екенін көрсетті», – деді Қазақстан Президенті.
Жоғары оқу орындары мен жастар арасындағы қарым-қатынасты дамыту – бірлескен жұмыстың маңызды бағыты. Мемлекет басшысы студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту ісін жандандыру үшін «Достастықтың академиялық астанасы» атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеудің де айрықша мәні бар. Президент мұндай тағдыршешті мәселенің ТМД елдерінде талқылануы орынды деп санайды.