АЭС электромобильдерге көшуді ынталандырады - Беларусь шенеунігі
Елде 15 мыңға жуық адам тоқпен жүретін көлікті таңдаған
Беларусь энергетика министрінің орынбасары Денис Мороз АЭС электр көліктердің көбеюін ынталандыратынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«АЭС-тің салынуы транспорт үшін электр энергиясын пайдалануды ынталандырды. Елімізде электромобильдерге көшуді ынталандыру бойынша бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Яғни, жанармайдан тоқпен жүретін көліктерге ауысу қарастырылған. Елде электрден қуат алатын желі құрылып жатыр. Осы бастаманы халық та қолдап, электрмен жүретін көлікке ауысып жатыр»,- дейді Мороз.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Беларусьте электр көлікпен жүретіндер саны 15 мыңға таяп қалған.
«Ал электр көлікті пайдаланғандардың өсімі былтыр 200 пайызды құрады. Биыл да осы көрсеткіш болады деп ойлаймыз. Елде қоғамдық көлікті тоққа көшіру бойынша жеке жобалар жүзеге асырылып жатыр. Шклов пен Жодино қалаларында барлық қоғамдық көлік тоқпен жүреді. Биыл тағы да жергілікті жерлерді қосамыз. Беларусь елінде ондай өңір көбеймек»,- жейді Мороз.