Қазақстанның мамандары Жапонияға барып, су сұраныс болжауды үйренді
Су саласының қызметкерлері екі ай білім алған
Қазақстандық су саласының мамандары Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің қолдауымен Жапонияда екі ай бойы білім алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанның мамандары Жапонияның су саласындағы жан-жақты тәжірибесімен танысқан.
Атап айтсақ, су тазалайтын технологияларды, су тазартатын қондырғылардың құрылысы мен оларды басқару, су сұранысын болжау сияқты бағыттар бойынша білім алған.
«Сондай-ақ Қазақстанның мамандары Саппоро, Сендай, Кобе және Токио қалаларындағы су тазалау станцияларына, болат және пластмасса құбырлар шығаратын зауыттарға барып көрді», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жапонияға барған маманның бірі - Арал-Сырдария бассейнінің бас маманы Фариза Маденова. Ол осы тәжірибенің арқасында елдегі ауыз су сапасын жақсартамын дейді.