«Энергетикалық тұрақтылық керек»: депутат халықтың үрейіне жауап берді

Аягөз Құрмаш

Ол өзге елдерді мысалға алды 

«Энергетикалық тұрақтылық керек»: депутат халықтың үрейіне жауап берді
Фото:Azattyq Ruhy

АЭС бойынша жария талқылау кезінде «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев АЭС салу мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«АЭС жайлы бүгін көп ақпарат айтылды. Осы жерде халық тарапынан үш үрейді байқадым. Фукусима мен Чернобыльді мысалға алып жатыр. Бірақ осы екі апат болғанымен, жапондар мен ресейліктер АЭС-тен бас тартты ма? Жоқ. Екі елде кемінде 30 пайыз энергетикалық тұрақтылықты осы АЭС-тер сақтап отыр. Кеше Олимпиада өткен Франциядағы 70 пайыз энергетикалық тұрақтылықты осы АЭС қамтамасыз етіп отыр»,- дейді ол.

Бейсенбаев қазір Қазақстанда энергетикалық тапшылық бар екенін айтты. 

«Орталық Азияда алдағы 10 жылда энергетикалық коллапс болуы мүмкін. Бүгін көтеріліп отырған мәселелерді ғылыми тұрғыдан қарау керек. Мәселен, осыдан 12 жыл бұрын Бейжіңде демалатын ауа болмайтын. Өнеркәсіптің барлығы көмірмен жұмыс істейтін. Қытай алдағы уақытта тағы 150 реактор салуды жоспарлап отыр. Қазір Бейжің ең таза қалалардың біріне айналды»,- дейді Елнұр Бейсенбаев. 

Депутат егер Қазақстанда энергетикалық тұрақтылық қамтамасыз етілмесе, инвесторлар келмейді дейді.

«Зауыт салатын болсақ та, оған белгілі мөлшерде электр энергиясы қажет. Күн, жел электр станциялары арқылы энергия алуға болады. Бірақ ол - тұрақсыз энергия. Семей полигоны сияқты жағдай болуы мүмкін дейді. Онда электр қуатын алу мақсатында емес, қару-жарақ ретінде қарастырылды. Ол екеуінің айырмашылығы бар»,- дейді Елнұр Бейсенбаев. 

Еске салсақ, Астанада АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтіп жатыр.  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.