АҚШ-та президенттікке үміткер Камала Харрис қарсыласы Дональд Трампты басып озды
Респонденттердің 44 пайызы вице-президентті қолдаған

Reuters агенттігі Ipsos компаниясымен бірге жүргізген ұлттық сауалнама нәтижесінде АҚШ вице-президенті Камала Харристі қолдағандар экс-президент Дональд Трамптың жақтастарынан асып түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Респонденттердің 44 пайызы Харристі, 42 пайызы Трамптың жағына шыққан. Қазіргі Америка президенті сайлауға түсуден бас тартқаннан кейін жүргізілген сауалнама нәтижесі 23 шілдеде жарияланған.
DW-дың жазуынша, сауалнамаға қатысушылардың 56 пайызы Харристі «қиындықтарды жеңе алатын, өткір ойлы адам» деп сипаттаған. Трампты дәл осылай сипаттағандар 49 пайызға жеткен.
Еске салсақ, АҚШ-та 5 қарашада президент сайлауы өтеді. Қазір сайлауалды науқаны қызу жүруде. Жақында коронавируспен ауырып қалған АҚШ-тың қазіргі басшысы Джо Байден президенттік сайлаудан өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді. Ол Камала Харристің кандидатурасын қолдады.
Харрис Байденнің мәлімдемесінен кейін бір тәулік ішінде сайлау науқанына қатысуға 81 миллион доллар көлемінде халықтан қаржы жинап алды.