Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді

Azattyq Rýhy

Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздерде атсалысқаны үшін Президентке алғыс айтты

Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Президенті ШЫҰ саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

«Мен Бакуге және Шушаға жасаған сапарымды үнемі еске аламын. Бұл, шын мәнінде, бетбұрысты, маңызды, тарихи мәні бар сапар болды десек, артық айтқандық емес. Келіссөздер барысында біз бірқатар стратегиялық сала бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бердік», – деді Қазақстан Президенті.

Екі ел басшылары инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударылды.

Ильхам Әлиев дәстүрлі түрде құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша Астанамен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Бакудің бейілді екенін растады.

Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың лайықты мүшесі ретінде аймақта ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу соңында екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ мен Azerbaijan Investment Holding арасындағы Бірлескен инвестициялық қорды басқару туралы келісімге қол қойылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.