Қазақстан мен Қытай бір-бірінің дамуына мүдделі - саясаттанушы

Темірхан Айжан

Асхат Қасенғали Қытайдың Қазақстанды үш аспектіде қарастыратынын айтады

Қазақстан мен Қытай бір-бірінің дамуына мүдделі - саясаттанушы
Фото: Асхат Қасенғалидың жеке мұрағатынан

Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен бір жыл уақыт ішінде экономика, саясат, мәдениет, қорғаныс, қауіпсіздік салаларында 100-ге жуық шараны жүзеге асырды. Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, ертең өтетін ШЫҰ жиынында Қазақстанның ұйымға төрағалық ету кезеңінде атқарған жұмыстарына нақты баға беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Саммиттің аясында ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып, оның қандай аспектіде алға жылжитыны белгілі болады. Сонымен қатар, ескірген құжаттарды жаңарту мәселесі көтеріледі. Мысалы, терроризммен күрес, есіркі саудасымен, адам саудасымен күрес, заңсыз қару-жарақ саудасы, сепаратизм деген сияқты мәселелердің стратегиялары ескірген. Кейбірінің уақыты 2023 жылы өтіп кеткен, кейбірі 2024 жылы өтеді. Сондықтан осындай құжаттарды қайта қарап, қайтадан жаңа бағдарламалар қабылдау мәселелері айтылады. Жаңа стратегиялар қабылданады», - деді ол.

Саясаттанушы ШЫҰ-ның, оның ішінде көрші мемлекет Қытайдың Қазақстанның бүкіл саласындағы маңызына тоқталды.

«ШЫҰ аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі ұйым. Оған мүше мемлекеттер ұйымның қаншалықты салмақты екенін көрсетеді. ШЫҰ-ның экономикалық потенциалын алып қарасақ, әлемнің ішкі өнімінің төрттен бірін құрайды, яғни 25,26 пайызына жуық. Қорғаныс қабілетіне келсек, мүше мемлекеттердің төртеуінде ядролық қару бар. Оның үстіне Ресей мен Қытай БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде отыр. Ал демографиялық көрсеткіші бойынша, әлем халқының 45 пайызына жуығын қамтиды. Бұл үлкен экономикалық потенциал, ірі нарық. ШЫҰ-ның аясында аталмыш нарықты Қазақстан өзінің экономикалық потенциалын өсіруге тиімді пайдалану жолдарын іздейді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ішінде Қазақстан үшін Қытай үлкен маңызға ие. Біріншіден, Қазақстан мен Қытай шекаралас, ал шекаралас елдердің экономикалық, саяси ықпалдасуға бейім болатынын түсінікті жайт. Қазақстан Қытайды өзінің тауарын сатып алатын негізгі нарықтың бірі санайды. Көрші орналасқандықтан тауарымызды жеткізу жедел іске асады және Қытайдың экономикалық және демографиялық сатып алу қабілеті өте жоғары. Қазақстан қандай тауар ұсынса да Қытай нарығы оны жылдам сатып алуға дайын. Қытай елімізге өзінің негізгі порттарының бірінен терминал ұсынды. Қазақстан енді Ляньюньган терминалына азық-түлік және шикізат жеткізуде, болашақта жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы басқа да тауар түрлерін жеткізуді қарастырады деген ойдамын. Мемлекетіміз Қытайға ғана тауар шығарып қоймай, порт арқылы Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттеріне де өзінің тауарын сатуға мүмкіндік алады», - деді саясаттанушы.

Асхат Қасенғали Қытайдың Қазақстанды үш аспектіде қарастыратынын айтады.

«Біріншісі, Қытай Қазақстан аумағын еуропалық аймаққа тауар жеткізетін транспорттық-логистикалық аумақ ретінде қарастырады. Қазақстан арқылы Каспий теңізінен өтіп Кавказға, Кавказ арқылы еуропалық өңірлерге өнімін жеткізеді. Сондықтан көбірек тауар тасымалдау үшін Қазақстанның теміржол және көлік жолдарын дамытуға көбірек инвестиция құюға мүдделі. Екіншісі, миллиардтан астам халқы бар Қытай өзінің азық-түлік қауіпсіздігіне қатты мән беретін мемлекет. Қазіргі таңда ол әлемнің 40-тан астам мемлекетіне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инвестиция салып, жобалар жасап, бағдарламалар ашуда. Сол елдердің ішінде Қазақстан да бар. Қытай агроөнеркәсіпке және ауылшаруашылығына көбірек инвестиция салуға ниетті екенін көрсетті. Қазақстанның агропотенциалы өте жоғары, әлемде астық өндіруден 15 мемлекеттің ішіне кіреді. Үшіншісі, энергетикалық қауіпсіздік. Қытай әлемдегі мұнай мен газды ең көп сатып алатын ел. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстаннан да мұнай мен газды импорттауға ұсыныс жасайтын мемлекеттің бірі. Жалпы алғанда, екі ел бір-бірінің дамуына үлес қосып отыр. Қазақстан мен Қытайдың арасындағы байланыс өзара қажеттіліктерді қамтамасыз ету арқылы жүзеге асады», - деді Асхат Қасенғали.

Саясаттанушы алдағы ШЫҰ отырысы тек ұйымаралық байланыс емес, мемлекетаралық байланыстың да дамуына тікелей ықпал ете түсетінін қосып өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.