$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.05.2024, 17:08
Саясат

Қытай түрмесіне түскен қазақстандықтардың мәселесі қалай реттеледі? СІМ жауап берді

Қазақстан мен Қытай 2011 жылдан бері сотталған адамдармен алмаса алады

Қытай түрмесіне түскен қазақстандықтардың мәселесі қалай реттеледі? СІМ жауап берді
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Azattyq Ruhy. Қытай түрмесіне түскен қазақстандықтардың мәселесі жайлы, сотталғандармен алмасу туралы Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдаған болатын.

Ресми сауалдан білгеніміз, Қазақстанның Қытайдағы консулдары ҚХР-дың бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі ҚР азаматтарының тұрмысы, абақтыда сақтау нормаларын бақылау және консулдық көмек көрсету бойынша жұмысты белгіленген тәртіпке сәйкес тұрақты түрде жүзеге асырады.

«Сотталған ҚР азаматтарының одан әрі жазасын Қазақстан аумағында өтеу үшін елге қайтару мүмкіндігі 2011 жылғы 22 ақпанда жасалған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт негізінде қарастырылады. Бұл шарт бойынша сотталушының өзі немесе оның заңды өкілі тараптың құзыретті органына өтініш жасайды. Тараптар аталған шартты орындау мақсатында бұл рәсімге жауапты орталық органдар арқылы тікелей бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды. Қазақстан тарапынан жауапты құзырлы орган – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, ал Қытай тарапынан – Қытай Халық Республикасының Әділет министрілігі», - делінген сауалға жауапта.

Қазақстанның шет елдердегі мекемелері өз құзыреті аясында консулдық есепке тұрған қазақстандықтардың есебін жүргізеді. Алайда, консулдық есепке қою ерікті (азаматтардың өз қалауы бойынша) болғандықтан, көп жағдайда отандастарымыз аталған есепке тіркелмейді.

«Қазіргі уақытта Қытайға әртүрлі мақсатпен келген жалпы 1051 Қазақстан азаматы консулдық есепте тұр. ҚР Бас Прокурорының 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 11 бұйрығымен бекітілген «Шетелде қылмыстық жауаптылыққа тартылған, сотталған және жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын арнайы есепке алуды жургізу, пайдалану жане сақтау қағидаларына» сәйкес, тиісті есеп жүргізуді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жүзеге асырады», - делінген СІМ хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы студент кезінде Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы әуежайда ұсталған. Ол таныстарының, соның ішінде Нигерия азаматтарының алдауына түсіп, Алматыдан Қытайға жол тартқан еді. Әлдекімдер оған Гуанчжоудан Малайзияға бренд киімдер өткізіп берсе, қомақты қаражат төлейтіндерін айтқан. Гуанчжоу қаласының әуежайынан ұшар кезде сөмкесінен есірткі табылған Ақжарқынды Қытайдың шекара қызметі қолға түсіреді. Ақжарқын есірткі туралы мүлде бейхабар болғанын айтып, осы күнге дейін кінәсін мойындаған жоқ. 2022 жылы Қытай өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. 

 

Серіктес жаңалықтары