Украина президенті Қазақстанға алғысын білдірді
Қазақстан елшісі Владимир Зеленскийге сенім грамоталарын тапсырды
Қазақстан Республикасының елшісі Дархан Кәлетаев Украина президенті Владимир Зеленскийге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлады Azattyq Rýhy СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Елші рәсім аясында өткен сұхбат барысында Қазақстанның жоғарғы басшылығының Украинамен кең ауқымды мәселелер бойынша прагматикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін растады. Сонымен бірге, ол екі ел халықтарының тығыз тарихи байланысы мен екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды әлеуетін атап өтті.
Өз кезегінде В.Зеленский Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытайдан Украинаға Қазақстанның аумағы арқылы коронавируспен күресу үшін гуманитарлық жүк жеткізуді ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Ол Қазақстанда вирустық инфекцияның таралмауы бойынша қабылданып жатқан шараларды, сондай-ақ Украинадан Қазақстанға отандастарымыздың тез оралуы үшін екі елдің үйлесімді әрекетін жоғары бағалады.
«Украина мен украин халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Дос осындай қиын сәтте сыналады», – деп атап өтті Владимир Зеленский.
Украина басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қоғамдастықтағы ерекше рөлі мен беделін атап өтті. Оның қазақстандық-украиндық достық қарым-қатынас орнатуға және дамытуға ерекше үлес қосқанын атап өтті.
Сонымен қатар, сұхбат барысында өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ІТ-индустриясындағы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Транскаспийлік халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелері талқыланды.