Қытай дипломатиясы: халықаралық аренадағы ұстаным мен ынтымақтастық
Ірі державаның әлем елдерімен сыртқы ынтымақтастық орнату мүддесі айқындалды
ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И екі сессия аясында қытайлық және шетелдік журналистерге арналған баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жаһандану кезеңінде әлем әртүрлі сын-тегеуріндерге ұшырап отыр. Қытай халықаралық бейбітшілік пен дамудың конструктивтік бағытын ұстануды жалғастыратыны белгілі болды. Қытай жаһандық өркениеттің дамуын қолдайды.
Сондай-ақ Қытайдың былтырғы сыртқы саясатында бірқатар жеңісті және жемісті бастамалар болған. Қытай бейбітшілік пен келісімді сақтау аясында сын-тегеуріндерді реттеуге де белсенді қатысқан. Қытай дипломатиясы стратегиялық маңызға ие. Былтыр Қытай Орталық Азия мен үнді-қытай жартылай аралымен бірыңғай тағдыр қалыптастыруға келісті. Ол «Қытай-АСЕАН», «Қытай-Африка», «Қытай-Араб елдері» алаңдарында жүзеге асырылды. «Бір белдеу-бір жол» бағдарламасы да айтарлықтай сәтті болып, кеңейе түскен.
Қытай және Орталық Азия
Былтыр Қытай көптеген елмен ынтымақтастықты нығайта түсті. Оның ішінде «Қытай-Орталық Азия» саммиті көрші елдермен байланысты арттыра түсуге жәрдемдесті. Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И биыл көрші елдермен қандай келісімдер күтіп тұрғанын айтты.
«Бізде «жақын көрші алыс туысыңнан» артық деген сөз бар. Көршіні ешкім таңдамайды. Ал Азия біздің ортақ мекеніміз. Оны қолайлы әрі жайлы ету біздің ортақ қалауымыз. ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің достастық пен өзара тиімді тұжырымдамасы көрші елдермен жаңа достықтың мүмкіндігін кеңейте түсті. Біз Азия елдерімен бірегей қарым-қатынасты орната білдік. Көршілермен ортақ қызығушылықты бірге жүзеге асыратын достастық қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз. Біздің бірегей көршілік қарым-қатынасымыз одан әрі нығая түсетіні анық. Себебі көршілерімізбен бірлікте түрлі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруді мақсат етіп отырмыз. Қытайдың көршілерімен өзара ынтымақтастығы жоғары деңгейде. Өңірдің экономикасы бірқатар жобалардың іске асырылуы аясында күшейе түсті. Оның ішінде Қытай-Орталық Азия газ құбыры жобасы бар. Біз көршілерімізбен ашық өңірлік қарым-қатынасты тереңдете түсуге мүдделіміз», - дейді Ван И.
Сондай-ақ СІМ басшысы Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты тереңдете түсу саясаты жалғасын табатынын айтты.
«Биыл бейбіт өмір сүрудің бес қағидасына 70 жыл толады. Азияда туғандарға аталған қағидалар түрлі әлеуметтік алуандықты жойып, халықаралық қарым-қатынастың идеологиялық бірыңғай қағидатын енгізіп, шығыс даналығын ұстануға жәрдемдеседі. 70 жыл өтсе де, бұл қағидалар өзектілігін жоғалтпай, өміршең екендігін айқындай түсті. Қытай көрші елдермен осы 5 қағида негізінде бірыңғай тағдыр қауымдастығын құруға ұмтылады», - дейді Ван И.
Қытай және Ресей
Биыл ҚХР мен Ресей дипломатиялық ынтымақтастықтың 75 жылдығын мерекейледі. Осы жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастық бағыттары нығая түскен. Ван Идің айтуынша, екі ел арасындағы өзара тиімді байланысты арттыра түсуге тараптар мүдделі болып отыр.
«Былтыр екі елдің арасындағы сауда айналымы рекордтық көрсеткішке жетті. Тауар айналымы 240 млрд долларды құрап 240 млрд доллар болатын шекті көрсеткіштен асып кетті. Ресейдің көгілдір отыны Қытайға тұрақты түрде жеткізіліп, қытай көліктері Ресейдің көшелерінде еркін қозғалыста жүр. Осының барлығы біздің елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастың айтарлықтай нық әрі сенімді екенін көрсетеді. Қытай-ресей стратегиялық қарым-қатынасын нығайтуға екі тарап та мүдделі. Қытай мен Ресей ірі державалар бола тұра БҰҰ ҚК-мен бірлесіп жаңа қауымдастық құра білді. Ол мәңгі достық пен бейбіт көрші болуға бағытталған. Биыл 75 жылдықты мерекелеуден бөлек Қытай мен Ресейдің мәдениет саласындағы ынтымақтастығын жалғастыру көзделген. Екі ел арасында қарым-қатынастың жаңа бағытының көкжиегі ашылып жатыр», - дейді министр.
Ван Идің сөзіне қарағанда екінші жартыжылдықтан кейін екіжақты қарым-қатынас тереңдей түседі. Сондай-ақ өңір мен әлемдегі тұрақтылық үшін бірлесе жұмыс істейді.
Қытай және АҚШ
Былтыр Қытай мен АҚШ өзара тиімді келісімде түсінбеушіліктерді жою жайлы келіскен. Алайда сауда саласындағы антиқытайлық кедергілер әлі де жалғасын тауып отыр. Бұл мәселе алдағы 1-2 жылда қалай шешілетінін Ван И атап өтті.
«Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас тек екі елдің тұрғындарына ғана емес, адамзаттың өмір сүруіне әсер етеді. Қытай Америкаға қатысты саясаттың бірізділігін сақтайды. Қытайлық-америкалық қарым-қатынасты қалыптастырған кезде біз халықтардың терең тарихына аса мән береміз. Бұл туралы Си Цзиньпин үш қағидатында айтып кетті. Ол өзара сыйластық, бейбіт өмір сүру мен өзара тиімді байланыс орнату. Бұл қағидалар Қытай мен АҚШ арасындағы соңғы жарты ғасырдағы байланысты зерттеу аясында қалыптасты. Өзара сыйластыққа келетін болсақ, Қытай мен АҚШ өзінің әлеуметтік құрылымдарында айырмашылыққа ие. Екі ел арасындағы тұрақты даму ынтымақтастығы осы ерекшеліктерді қабылдау мен сыйлауға негізделуі керек. Қытай мен АҚШ сынды екі ірі елдің түсінбеушілігінің салдарын елестету де қиын. Екіжақты келісімге америкалық ынтымақтастық аясында жетуге болады. Ол екі елге ғана емес, әлемге оң септігін тигізетін еді. Қытай мен АҚШ былтыр Сан-Франциско қаласында қытайлық-америкалық қарым-қатынасты дұрыс жолға түсіруге келісті. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин екіжақты қарым-қатынасты дамытудың нақты ұстанымдарын атады. Президент Джо Байден Вашингтон қырғи-қабақ соғыс тудыруға ниетті емес екенін жеткізді»,- дейді Ван И.
Қытайдың СІМ басшысының айтуынша, аталған келіссөздерден кейін қытайлық-америкалық қарым-қатынаста ілгерілеу байқалған. Бұл екі ел халықтарының қызығушылығына жауап береді.
«Алайда америкалықтар Қытайға қатысты берілген сөздерін орындамай отыр. Сол себепті де біржақты санкциялардың қатары көбейіп, дәлелсіз айыптаулар өршіп отыр. Іс пен сөз сәйкес келмей жатыр. Қытай десе дүрбелеңге түсу де орынсыз деп ойлаймыз. Көп жағдайда әділетсіздікті көріп отырмыз. АҚШ үшін қытайлықтар емес америкалықтардың өзі қауіпті болып отыр. Бұл сау бәсекелестік емес. Сондықтан екіжақты ынтымақтастықты дұрыс дамыту қажет деген көзқарастамыз. Биыл екі ел арасындағы қарым-қатынастың орнағанына 45 жыл толады. Біз әрқашан достық байланысты орнатуға ашықпыз», - деді ол.
Қытай және Еуропалық одақ
Өткен жылы Қытай мен Еуропалық одақ елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыты қалыптасып үлгерді. Алайда кейбір жекелеген елдер «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасынан бас тартқан. Ван И өткен жылы Еуропалық одақ пен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың орнағанына 20 жыл толғанын айтты. Екіжақты қарым-қатынас барлық деңгейде орнатылған. Қытайды Еуропаның 25 елі мен 17 қаласы байланыстырады.
«Қытай-Еуропа» бағыты бойынша 17 мың тонна жүк пойызы жөнелтілді. Жаһандық құбылмалы кезеңде бұл бағыт маңызды жеткізулердің біріне айналды. Қытайдың бірқатар еуропалық елдерге визасыз режимді енгізуі халықтың өзара сапарлауы мен экономикалық байланысты нығайта түсті. «Бір белдеу, бір жол» жобасы да сәтті қарым-қатынастың көрсеткішіне айнала білді. Оның ішінде «Мажарстан-Сербия» бағыты да бар», - деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда Қытай мен Еуропа арасында гелографиялық текетірестер мен түсінбеушіліктер жоқ. Екі елдің арасында ынтымақтастықты орнату үшін тараптар мүдделі болып отыр. Екіжақты тараптар өзара тиімділікке ұмтылуы керек.
«Қытай мен Еуропа ашықтық пен өркениеттер арасындағы өзара диалогқа ұмтылуы керек», - дейді ол.
Жалпы СІМ басшысы Ван И Қытай елдер арасындағы бейбіт ынтымақтастықты қолдайтынын айтты. Атап айтар болсақ, Қытай Газа секторы мен Израиль, Украина мен Ресей арасындағы келіспеушіліктің барлығы бейбіт келіссөздер аясында шешілгенін қалайды. Қытай осы мәселелердің бейбіт жағдайда шешілуіне мүдделі әрі оны әркез қолдайды.