20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай жерлер жұмыс істей бастайды?
Нұр-Сұлтанда 100 мың, Алматыда 128 мың адам жұмысқа шығады

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 20 сәуірден бастап қандай мекемелер мен кәсіпорындар ашылатыны туралы хабарлады. Бірақ екі қалада қалпына келтірілетін экономика секторларында айырмашылық болуы мүмкін.
«Бірінші кезеңде ауру қаупі аз деген кәсіпорындар ашылады. Мұндай кәсіпорындарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы протоколдар дайындалады. Оның орындалуы тұрақты түрде тексеріледі. Талаптарды бұзса, қатаң шараларды қолданамыз», - деді Дәурен Абаев.
Сонымен, Нұр-Сұлтанда төмендегі орындар 20 сәуірден кезең-кезеңімен ашыла бастайды:
1. Өнеркәсіп және индустриялық кәсіпорындар. Бұл салада 35 мың адам жұмыс істейді
2. Құрылыс саласындағы кәсіпорындар
3. Қыстан кейін жолдарды жөндейтін асфальт бетон зауыттары
4. Зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер ашылады. Олар сағат 16-ге дейін жұмыс істейді. Осылайша банктердің 41 филиалы іске қосылмақ.
5. Жеке қосалқы қызмет көрсету секторының кейбір ұйымдары. Оған химиялық тазалау, кір жуу орындары, шиномонтаж, СТО, көлік жуу бекеттері кіреді.
6. Қоғамдық тамақтану орындарының үйге тамақ жеткізу уақытын кешкі сағат 22:00-ге дейін ұзартады.
Осылайша, барлық аталған кәсіпорындар бойынша 100 мыңға жуық адам қайта жұмысқа кіріседі. Бұл Нұр-Сұлтандағы жұмыс істейтін халықтың шамамен 20%-ы.
«Карантин біткенше балабақшалар, қосымша білім беру орталықтары, барлар, ойын клубтары, түнгі клубтар, театр, музей кинотеатрлар жабық болады», - деп қосты министр.
Ал Алматыда 20 сәуірден бастап өнеркәсіптің барлық салаларының, қоймалау, құрылыс, екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің 50%-ына дейін, ал қызмет көрсетудің кейбір секторлары толық жұмыс күніне көшпек. Нәтижесінде Алматы қаласында 128 мың адам жұмысын жалғастырады. Екі қалада да қоғамдық көлік жүрмейді. 15 сәуір күні әкімдіктер нақты тізімді ұсынады. Министр кәсіпорындардың қайта ашылуының бірінші кезеңі жаппай далаға шығуға рұқсат емес екендігін ескертті.
«Ауру жұқтыру тәуекелі әлі де жоғары. Вирусты жеңген жоқпыз. Эпидемиологиялық жағдай бақылауда болғанымен, жаңа науқастар күнделікті қосылып жатыр. Жұқтырудың шекті деңгейін әлі өткен жоқпыз. Сондықтан өздеріңізге, жақындарыңызға абай болыңыздар», - деп айтты бұл жайында Абаев.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан