$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.10.2019, 11:48
Саясат

Баласына бастығының есімін берген шенеуніктер

Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың атын баласына қойған  кім? Бұл ырым ба, әлде жағымпаздық па?

 

Баласына бастығының есімін берген шенеуніктер
Фотоколлаж

Қазақ танымында балаға ат қою рәсімі ерекше мәнге ие. Әсіресе, нәрестесін ырымдап белгілі тұлғалардың есімімен атайтындар көп. Оның ішінде саяси элитадағы азаматтардың атын алу да сәнге айналып кетті

Тоқаев Президент болғалы 43 балаға Қасым-Жомарт деген есім берілген

Статистика комитетінің «Азаттық рухына» берген мәліметінше, бүгінде елімізде тіркелген 784 Қасым-Жомарт есімін алған адам бар. Алайда оның 38-і ғана мемлекет басшысы есімін өзгертпей «Қасым-Жомарт» деп алған. Қалған 673-інің аты жеке құжатқа «Қасымжомарт», 69-ы «Касымжомарт», 4-еуі «Касым-Жомарт» деп түскен. Ал Тоқаев 2019 жылдың 19 наурызында Президент болып тағайындалғаннан бері 43 адам ұлдарына оның есімін беріп үлгерген.

Бишімбаевтың ұлы – Кәрім, Сабильяновтың ұлы - Әкежан

Шенеуніктер арасында да саясатта лауазымды қызмет атқарған азаматтардың атын балаларына қоятындар көп екенін байқадық. Мысалы, жақында ғана Тұңғыш Президент рақымшылығымен түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың 2011 жылы туған кіші ұлының есімі – Кәрім. Ол туған кезде Кәрім Мәсімов Премьер-министр қызметінде болған. Ал ол кезде Бишімбаев Самұрық-Қазына ҰӘҚ төрағасының орынбасары еді.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов 1994 жылы туған ұлының атын Әкежан деп қойған. Себебі, ол кездегі Премьер-министр Әкежан Қажыгелдин еді. Әкежан атты баласы туған жылы Нұртай Сабильянов Жоғарғы Кеңестің депутаттығына үміткер болды, бірақ өте алмады. Ол үшінші талпынысынан кейін ғана, 2004 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданынан депутаттыққа сайланды. Ол кезде Үкімет басында үш жыл отырған Әкежан Қажыгелдин қылмыстық қуғындауға ұшыраған еді. Ол 2001 жылы мемлекет ақшасын жымқырды, салықтан жалтарды, қызметін асыра пайдаланды деген айыптармен сырттай он жыл жылға  сотталды. 

«Бердібектің әкесі»

Саналы ғұмырын Бердібек Сапарбаевқа көмекші болуға арнаған Ильяс Испановтың 2005 жылы туған ұлының есімі Бердібек. Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысына әкім болған кезде облыс орталығы Ақтөбе қаласының әкімі болып Ильяс Испанов тағайындалды. Сол кезде жергілікті БАҚ «Ақтөбеге Бердібектің әкесі тағайындалды» деген тақырыппен ақпарат жариялады.

Испановтың Сапарбаевтың сенімді серіктесі екені жиі айтылады. Екеуі бірнеше жерде қатар қызмет атқарған. Жыл басында Бердібек Сапарбаев Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалғанда, көп ұзамай елордаға «Бердібектің әкесі» де Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы болып келді.

Ильяс Испанов пен Бердібек Сапарбаев, фото ашық дереккөзден

Сапарбаев пен Испановтың жолы осыдан 20 жыл бұрын түйіскен. 1999 жылы Бердібек Мәшбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып барғанда, 23 жастағы Испанов көмекшісі болған. 2002 жылы Сапарбаев елдің кеден қызметін басқаруға кеткенде де Испановты көмекші қылып алып кетті. Бір жылдан кейін Испанов Астана қаласы кеден басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болды. Қысқасы, Ильяс Испановтың ұлына Бердібек деп ат беруіне себеп жеткілікті.

Алматы ауданының әкімі – Әділбектің «кіндік баласы»

Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев 2009 жылы бюджет қаржысын жымқырды деп ұсталған Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Зейнулла Сәрсембаевтың туған ұлы. Дереккөздер бір кездері Президент әкімшілігіне жетекшілік еткен, Астана қаласын екі рет басқарған Әділбек Жақсыбековтың қазіргі аудан әкімі Әділбек Зейнуллаұлының «кіндік әкесі» екендігін айтады. Жақсыбековтың үзеңгілес досы болған бұрынғы вице-министр ұлының атын қазіргі Қазақстан футбол федерациясының президентінің құрметіне қойған болуы да мүмкін.

Әділбек Жақсыбеков Астанаға бірінші рет әкім болған кезде Зейнулла Сәрсембаев (аудан әкімінің әкесі - редакция) «Дәрі-дәрмек» РМҚК Астана қалалық филиалының директоры болған.

Ал, Жақсыбеков Астанаға екінші рет әкім болған жылдары (2014-2016 жж) Әділбек Сәрсембаев (бұрынғы вице-министрдің ұлы – редакция) Алматы ауданының әкімі болып тағайындалған. Жақында (10.09.2019 ж) Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Талғат Манатұлы Тлеуовты пара алды деген күдікпен ұстады, ал, сол ауданды басқаратын Жақсыбековтың «кіндік баласы» қызметінен кеткен жоқ.

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев, фото astana.gov.kz

Нұрсұлтан мен Иманғалилар

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың үлкен ұлы Нұрсұлтан, үшінші баласы Иманғали. Нұрсұлтан – еліміз тәуелсіздік алғалы бері ең жиі қойылатын есімдердің біріне айналғаны түсінікті. (Бүгінде Қазақстанда 45000-нан астам Нұрсұлтан есімді азамат бар.) Ал үшінші ұлының ныспысы белгілі саясаткер, бұрын Атыраудың әкімі болған Иманғали Тасмағамбетовке қаншалықты қатысы бары белгісіз.

Айтпақшы, Тасмағамбетовтың өзінің де 1994 жылы туған  Нұрсұлтан есімді ұлы бар. Ол кезде Иманғали Нұрғалиұлы Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болатын.

2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласы мәдениет департаментінің, 2008 жылы Астана қаласы мәдениет департаменті директоры болған әнші, танымал продюсер Қыдырәлі Болмановтың Иманәлі дейтін ұлы бар. «Ғали» мен «Әлі» сөздерінің мағыналас екенін ескерсек, бұл ныспыны ұлына Иманғалидың құрметіне берген болуы да мүмкін. Қ.Болманов Алматы мен Астанадағы жауапты қызметтерге Иманғали Тасмағанбетов әкім болып тұрғанда келген. Продюсер сұхбаттарында Тасмағамбетовтің өзіне көп қолдау көрсеткен адам екенін жиі айтады.

Қонаевтың құрметіне

Елімізде Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған көрнекті саяси қайраткер Дінмұхаммед есімімен алған балалар да көп. Соның бірі – бұрынғы мәдениет және спорт министрі, қазір Ұлттық музейді басқарып отырған Арыстанбек Мұхамедиұлының 1998 жылы туған ұлы. Әңгіме есім-сой туралы өрбігенде, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының «ескі» фамилиясы еске түседі. Ол 2008 жылға дейін Арыстанбек Әлиев болса, одан кейін тегін Мұхамедиұлы қылды. Мұнысын өзі «Мені бұрын бәрі Рахат Әлиевтің туысы деп ойлайтын. Қызметтік өсуімізді соның тегімен байланыстырды. Әрине, 2007-2008 жылдардағы елдегі саяси оқиғалар тегімді ауыстыруды тездетуге итермеледі» - деп түсіндірген. 

Алматыда департамент директоры, Астанада қала әкімінің орынбасары, ҚР Президент әкімшілігінде Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болған, қазіргі ҚР Президентінің көмекшісі Аида Балаеваның 1994 жылы туған үлкен ұлының аты да Дінмұхамед екен. 

Бәрінен де Әлихан озып тұр

Соңғы кездері көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың құрметіне баласына Әлихан деп ат берушілердің қатары күрт көбейген. 2018 жылы Қазақстанда туған сәбилерге ең көп берілген есім де – осы Әлихан (қыз балаға Айзере). Ұл балаға Әлихан есімін беру республика бойынша 8 өңірде бірінші орынға шыққан. Олар: Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, ШҚО, Алматы облыстарында және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары.

Баласына Әлихан деп есім бергендердің арасында билік басында жүрген азаматтар да бар. Ашық дереккөздерде Тұңғыш Президент - Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевтің 2004 жылы туған ұлының есімі, қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың үлкен ұлының есімі, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Мәдина Әбілқасымованың 2015 жылғы ұлының есімі Әлихан екені көрсетілген. Ғабидолла Әбдірахымовтың да он бестегі әзірге жалғыз ұлының есімі Әлихан.  

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары