Ақпараттық саясатқа ақша бөлуден «рекорд» жасаған облыс

Ал кей әкімдер бюджеттен бөлінген қаражатты жасырып отыр

Ақпараттық саясатқа ақша бөлуден «рекорд» жасаған облыс
Фотоколлаж

«Азаттық рухы» редакциясы Қазақстандағы облыстардың мемлекеттік ақпараттық саясатқа бір жылда қанша қаражат бөлетіні туралы материалдар сериясын жалғастырады. Айта кетейік, қазан айының басында жіберілген ресми сауалымызға әзірге санаулы ғана облыс әкімдіктері жауап жіберді.

Медиа-тұлғалардың тренингтеріне - 6,5 млн теңге

Алты күнде жауабын дайындаған Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мәселесін облыс әкімінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Батыржан Байжұманов қадағалайтынын жеткізді.

«2019 жылы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін 661 млн теңге бөлінді», - делінген облыстық ішкі саясат басқармасының ресми жауабында.

Дереккөзге сүйенсек, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, мемлекеттік мекемелер мен бұқаралық ақпарат құралдарының арасында бірыңғай алаң қалыптастыру мақсатына инфлюенсерлер (қоғамдық пікір қалыптастырушы адамдар - агенттік) мен трендсеттер, соның ішінде, блогерлер мен влогерлер тартылған.

«Биыл семинар-тренингтер, мастер-кластар және көптеген ақпараттық іс-шараларды өткізу үшін 6,5 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстар облыстағы барлық аудандар мен қалаларда өтті, осы шараларға 17 спикер (медиа-тұлға) қатысты», - делінген ресми жауапта.

Жалпы, Алматы облысының әкімдігі ақпараттық саясатын жүзеге асыру үшін биыл 15 тараппен келісімшарт жасасқан. Айта кетейік, Алматы облысын 2014 жылдың тамызынан бері Амандық Баталов басқарып келеді

Ноғаев «Қамшы» сілтейді

Нұрлан Ноғаев әкім болып отырған Атырау облысы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін медиа-тұлғалар мен блогерлерді тартылмайтынын айтып, жауап берді. Есесіне, мұнайлы өлке ақпараттық саясатқа ақша бөлу бойынша әзірге рекорд орнатып отыр.  Бюджеті 1 млрд-қа жуықтайды.  

«2019 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыру үшін 832 млн теңге  бөлінген. Облыстық ішкі саясат басқармасы медиа-тұлғаларды, блогерлерді тарту үшін әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге қаражат бөлмейді», - деп жауап берген.

Биыл «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Литер», «Қазақстан дәуірі» газеттері, телеарналар арасында «Хабар24», «31 канал», «Астана», «Каспиан ньюс», «Атырау», «Мир24», «НС Радио», ақпарат агенттіктерінен «Қамшы», «Закон.кз», «Тенгриньюс», «Нұр.кз», «Информбюро.кз», «azn.kz» порталдары Атырау облысынан мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Дереккөзіне сүйенсек, облыстың мемлекеттік ақпараттық саясатпен  әкім кеңесшілері айналыспайды.

Әлеуметтік желіден «алыс» жүретін әкімдер

Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан облысы да дәстүрлі емес БАҚ (блогосфера) пен медиа-тұлғаларды тартуға ақша қарастырмаған.

«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі 2019 жылы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін 513 млн 872 мың теңге бөлген. Биыл дәстүрлі емес БАҚ-тарға, медиа-тұлғаларды тартуға қаражат бөлінген жоқ». – делінген ресми жауапта.

Құмар Ақсақалов басқарып отырған облыстың мемлекеттік ақпараттық саясатын ішкі саясат басқармасы, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары айналысады.

Ал, Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы хатымызға жауап берген жоқ. Ресми жауабында «мемлекеттік сатып алулар туралы ақпарат www.goszakup.gov.kz сайтының «сатып алулар» бөлімінен таба аласыздар», - делінген.

«Азаттық рухы» редакциясы басқа облыстардың мемлекеттік ақпараттық саясатқа бөлінетін бюджеттік қаражаты туралы ресми жауаптары дайын болса, бұл бағыттағы материалдар сериясын жалғастырады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.