Сатқындығы үшін сотталған Сыроежкин түрмеде ұзақ уақыт отырмауы мүмкін - отставкадағы полковник
Қазақстанның егемендік жылдарында шпиондық үшін сотталып, артынан елден шығарып жіберу оқиғасы бұрын болмаған
Белгілі саясаттанушы әрі қытайтанушы Константин Сыроежкин жазасын өтеген соң Ресейге барып тұруы мүмкін. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов айтты. Бұрынғы арнайы қызмет маманының айтуынша, құпия мәліметтер жинап, оны берумен әдетте әскери немесе арнайы қызметтің тәжірибелі адамдары айналысады. Саясаттанушы ғалым әрі тарихшының бұл іске баруы сирек кездеседі.
«Константин Сыроежкиннің қос азаматтықпен жүргені жасырын емес еді. Сондықтан оны сот қаулысымен Қазақстан азаматтығынан айыру жанына бата қоймайды. Оның үстіне сот үкіміне сәйкес 10 жыл кесілгенімен, ақырына дейін түрмеде отыруы да екіталай. Ресей мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынастар мен достық байланыстар сотталушының мерзімінен бұрын босауына септігін тигізетін болады. Тараптар қалай келіседі, соған байланысты деп ойлаймын. Менің естіген ақпарттарым бойынша, ол шығыстағы көршіміздің пайдасына жұмыс істеген. Ресей барлаушылары да пайдаланды дегенді жоққа шығаруға болмайды. Екі жаққа да мәліметтер беруі мүмкін. Шетелдік барлау қызметі үшін ол консултант, қандайда бір эксперттік кеңестердің мүшесі, Үкімет жаныдағы кеңестерде мүше, тіпті жоғары деңгейдегі шенеуніктердің ғылыми жұмыстарына көмектескені үшін таптырмас маман болды деп есептеймін», - дейді А. Нарманбетов.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері «К.Сыроежкиннің нақты қандай шығын келтіргені, қандай мәлімттерді сатқаны, оның мемлекет үшін қандай құны бар деген сұрақтар айтылмайды. Жабық есік жағдайында өткен сот шпиондықпен айналысқан күдіктіге әділ шешім шығарды деп ойлаймын» деп тоқталды.
ҚР ҰҚК өткен аптада К.Сыроежкиннің 10 жылға сотталғанын растаған болатын.
«Константин Сыроежкин 2019 жылы 7 қазанда Алматы қаласы ауданаралық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сот үкімімен айыпты деп танылған. Күдіктіге ҚР ҚК 175 бабы 1-б тармағымен (мемлекеттік сатқындық) 10 жылға сотталды», - делінген ҰҚК Баспасөз қызметінің ақпаратында.
Сарапшының қамауға алынғандығы туралы 4 мамырда «ЦентрАзия» ақпараттық сайты жазған болатын. Қазақстанның арнайы қызметі оған шпиондық жасады деген айып тағып, 19 ақпан айында ұстаған.
Танымал синолог, Қытайдың қазіргі саясаты бойынша білікті сарапшы Константин Сыроежкин ҚҒА Ұйғыртану Институтында, Шығыстану инситутында көп жыл ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Кейінгі жылдары Президент жанындағы Қазақстан Стратегиялық Зерттеулер Инстиутында еңбек еткен. Қытайды зерттеу бойынша кеңесші ретінде көптеген жобаларға атсалысқан.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы