$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.08.2023, 16:42
Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС пен ШЫҰ-ға күш біріктіруді ұсынды

Президенттің сөзінше, БРИКС және «БРИКС Плюс» құрамындағы серіктестер ортақ игілік үшін бірлесе әрекет ете алады

Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС пен ШЫҰ-ға күш біріктіруді ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы аталған саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, ашық диалог пен өзара түсіністік негізінде жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге көмектесе алатынын айтты.

«Бұл саммит халықаралық аренадағы жағдай шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Оның сипаттары саяси қысым жасаудан, конфронтациядан және жаппай санкция салудан көрінеді. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде өңіраралық ынтымақтастықтың перспективасы мен ортақ мүдделері туралы көзқарасымызды жеткізгім келеді. Қазақстан, Ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр», - деді Президент.

Тоқаев жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинағанын атап өтті.

«БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, мен мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынамын. Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған», - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, БРИКС және «БРИКС Плюс» құрамындағы серіктестер ортақ игілік үшін осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алар еді.

«Сонымен қатар ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн. Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. «БРИКС Плюс» аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға шақырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары