Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамымен құттықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамыман құттықтады деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

«Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Осы күндері Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады. Тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы.

Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады. Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады»,- делінген құттықтауда.

Оқи отырыңыз: Президенттің Жаңа жыл түніндегі құттықтауын Наурыз мерекесіне ауыстыру ұсынылды

Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады деп санайды Тоқаев.

«Өкінішке қарай, биыл Наурыз мейрамы әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Пандемияға айналған коронавирустың кеңінен таралуы жаһандық экономикамен қатар біздің елімізге де айтарлықтай зардабын тигізуде. Бүкіл әлем күрделі сынақты бастан өткеруде.

Осыған орай, менің Жарлығыммен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, азаматтарымыздың денсаулығын қорғау және еліміздегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қолға алынды»,- дейді Президент.

Оқи отырыңыз: Көрісу, шежіре, жайлау күні. Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы таныстырылды 

Мемлекет басшысы ырыс-ынтымағымыздың арқасында бұл қиын-қыстау кезеңнен де сүрінбей өтеміз деп сенеді. Және қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілейді.