«Мұнай тасымалында кедергінің болмауы аса маңызды»: Мырзағалиев Ұлыбританияның Санкциялар жөніндегі өкілімен кездесті
Кездесу барысында КҚК мұнай құбыры арқылы Қазақстанның энергия көздерін жеткізу мәселесі талқыланды
Биыл 12 маусымда Лондонда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Ұлыбританияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігінің Санкциялар жөніндегі басқармасының директоры Дэвид Ридпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында мәселелердің кең ауқымы қаралды, соның ішінде КҚК мұнай құбыры арқылы Қазақстанның энергия көздерін жеткізу мәселесі де талқыланды.
ҚМГ басшысы Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомствосына ынтымақтастық пен тұрақты кеңесі үшін алғыс білдірді.
«Әлемдегі геосаяси ахуал күрделенген кезде санкцияға байланысты тәуекелдер Қазақстан мұнайын, әсіресе КҚК құбыры арқылы үздіксіз жеткізуге «кедергі болмауы» аса маңызды. Бұл екі тарапқа да ортақ мүдде болғандықтан, осы секілді кездесуді сындарлы түрде өткізуіміз де маңызды», – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.