Алдымызда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы тұр – Ерлан Қарин
Бір жыл бұрын елімізде республикалық референдум өтті
Президенттің саяси жаңғыру бағдарламасын іске асыру жалғаса береді. Алдымызда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы тұр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram каналында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бір жыл бұрын қазақстандықтардың басым бөлігі, яғни азаматтардың 77,18 пайызы республикалық референдумда ел Конституциясын өзгерту туралы заң жобасын жақтап дауыс берді.
Конституцияға енгізілген түзетулер Президент, Парламент және сот институттарын реформалауды көздеді.
«Осылайша, Мемлекет басшысының 2022 жылдың 16 наурызында жарияланған Жолдауында айтылған ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасы Конституциялық тұрғыдан бекіді. Бұл референдум Қазақстан қоғамы үшін маңызды оқиға болды. Өйткені біз ел дамуындағы жаңа кезеңге қадам бастық. Ең бастысы, референдум – қоғамдық бірігудің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Біз оны Президент және Парламент сайлауларында анық байқадық. Жалпы, елімізде өте қысқа мерзімде жүзеге асырылған түбегейлі саяси реформалар аймақтағы бірегей құбылысқа айналды. Қазақстан жаңа күн тәртібін белгілеп берді», - деп жазды Ерлан Қарин.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Конституциялық реформа мен соңғы сайлау циклі жаңа саяси жүйенің келбетін қалыптастырғанын алға тартып, Президенттің саяси жаңғыру бағдарламасын іске асыру жалғаса беретінін мәлімдеді. Ендігі ретте аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы тұр.