Президенттің Қытайға сапары аясында құны 22 млрд доллар болатын құжаттарға қол қойылды

Azattyq Rýhy

Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін екіжақты серіктестікті нығайтуға шақырды

Президенттің Қытайға сапары аясында құны 22 млрд доллар болатын құжаттарға қол қойылды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды.

– Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті. Қытайдың «Alibaba Group», «JD.COM» сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор.  Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Болашақта өзара сауда-саттығымыз арта түсетіні анық. Біз осыны ескере отырып, жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік.  Осы орайда серіктестерімізге тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Мұның логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады,  – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының пікірінше, ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін мол саланың бірі – агроөнеркәсіп. Жуырда Қытайға бір миллион тонна бидай жеткізу жөнінде келісім жасалды. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады. Сондай-ақ соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артты. Сонымен қатар Президент елімізді қант өнімімен толық қамтамасыз ету көзделіп отырғанын жеткізіп, Қытай компанияларын қант өндірісін дамытуға белсене атсалысуға шақырды.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды.

– Мұндай тасымал жолы өте ұтымды екені сөзсіз. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады.  Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі.  Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін қаржы саласындағы серіктестікті нығайтуға шақырып, оларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарын айтып берді.  Қазір Қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың оннан бірі – Қытай компаниялары. Оған қоса, келешекте China International Capital Corporation (CICC) ұйымы Қазақстанда өзінің аймақтық бөлімшесін ашуды ойластырып жатыр.

Президент сөзінің соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар жиын барысында  CITIC Group басқарма төрағасы Чжу Хэсинь, China National Petroleum Corporation (CNPC) төрағасы Дай Хоулян, Asian Infrastructure Investment Bank вице-президенті Шукнехт Людгер, POWERCHINA компаниясының төрағасы Дин Яньчжан, China General Technology Holding (GENERTEC) басқарма төрағасы  Юй Сюйбо, СOFCO компаниясының төрағасы Цзинь Лю, Xuzhou Construction Machinary Group (XCMG) президенті Лу Чуань, JD Group  басқарма төрағасының орынбасары Вэй Е, Sun Seven Star Investment Group  басқарма төрағасы У Чжэн, Xian Aiju Grain and Oil Industrial Group басқарма төрағасы Цзя Хэи, Great Wall Motors вице-президенті Чжан Цзюньсюэ сөз сөйледі.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.