Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Azattyq Rýhy

Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті

Мемлекет басшысы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы іссапары барысында қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент өз сөзінде дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард  доллардан асты, - деді Мемлекет басшысы.

Президент кеше  көне Сиань қаласында жоғары деңгейдегі қазақ-қытай келіссөздері өткенін айтты.

– Біз  Төраға Си Цзиньпинмен бірге екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмастық, нақты келісімдерге  қол жеткіздік, бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстанда Қытай қаржысы жұмсалған бірқатар ірі компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде CNPC, CITIC, NFC, Sinopec, Huawei сияқты корпорациялар бар. Дегенмен біз ынтымақтастығымыздың әлеуетін одан әрі игеруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұнай-газ саласы талай жылдан бері табысты әріптестіктің негізі болып келеді.

– Біз мұнай экспортын көбейту үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қолданыстағы құбырлардың (яғни, «Атырау-Кеңқияқ» және «Кеңқияқ-Құмкөл») мұнай тасымалдау мүмкіндігін арттыру да өзекті мәселе.  Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген.  Біз бұл салада көптен бері CNPC-мен бірге табысты жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту  басым бағыттың бірі саналады. Осы ретте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісін салу өте маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салуға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанына назар аударып,  жаңартылатын энергия көздерінің үлесін  2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын мәлімдеді.  

– Мемлекет бұл салаға инвестиция салуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Мысалы, біз электр қуатын 20 жылға дейін аукциондық тарифпен сатып алуға кепілдік береміз. Бұл тариф жыл сайын  инфляцияны және валюта бағамының өзгерісін ескере отырып белгіленеді. Қытайлық әріптестерімізді осы саланың инвестициялық мүмкіндігін қарап көруге шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет екенін атап өтіп, KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын толық қолдайтынын айтты. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда шикізат экспорты азаяды. Елімізде өндірілетін мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз. 

– Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды. Отандық кәсіпорындар алюминий, мыс пен мырышты арзан бағамен сатып алады (Лондон металл биржасындағы бағалардан 5 пайызға арзан). Бұдан бөлек, ішкі нарықтың сұранысын толық өтеу үшін осы металдардың экспортын ретке келтіру жоспарда бар, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміз сирек кездесетін металдардың мол қорына ие екенін айтып, осындай кенді өндірудің және өңдеудің озық технологиясын енгізуге мүдделі екенімізді жеткізді.

– Қытайда электромобиль жасау ісі қарқынды дамуда. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Cherry, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз.  Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қояды, – деді Президент.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.