$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.03.2020, 15:30
Саясат

«Нөлден бастау»: Путин тағы екі мерзімге президент болып сайлана алады

Дума заңға өзгеріс енгізді 

«Нөлден бастау»: Путин тағы екі мерзімге президент болып сайлана алады
dw.com

Бүгін Мемлекеттік дума Конституцияға түзету енгізу туралы заңды мақұлдады. Оған 383 депутат дауыс берді, қарсы шыққандар жоқ, 43 адам қалыс қалды, деп хабарлайды РИА Новости.

2036 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ПРЕЗИДЕНТ БОЛА АЛАДЫ

Сейсенбі күнгі талқылауға Владимир Путиннің өзі келіп қатысқан болатын. Алайда, депутаттар үшін бұл тосын жағдай болған жоқ. Ел президенті Парламент өкілдеріне екі жаңалықты хабарлаған. Оның бірі Мемлекеттік Думаға сайлау мерзімінен бұрын өтпейтін болды. Ал екіншісі – қазіргі президенттің биліктегі мерзімін келесі сайлаудың уақытын күтпей-ақ қайтадан өткізуге мүмкіндік барын жеткізу.  

Парламенттегі «Единая Россия» фракциясының мүшесі Александр Карелин Думаның сайлауын уақытынан бұрын өткізу керек деген ұсынысын бұдан бұрын айтқан. Бұл бастаманы ЛДПР-дан Владимир Жириновский, «Справедливая Россия» көшбасшысы Сергей Миронов қолдады. Алайда, коммунистердің жетекшісі Геннадий Зюганов «жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек» дегенді айтты. «Единая Россия» фракциясының жетекшісі Сергей Неверов еш пікір білдірген жоқ. 

Ал депутат Валентина Терешкова Конституцияға енгізілген өзгерістен соң президенттік мерзімді қайтадан сол сәттен бастап санау туралы бастама көтерді. Егер Конституциялық сот өз келісімін берсе, Владимир Путин 2024 жылы президенттікке қайта түсе алады дегенді меңзеді. Ал Конституцияның қайтадан жаңа өзгерістермен қабылданатынын ескерсек, қазіргі президенттің 2036 жылға дейін тағы екі мерзімге сайлануға құқығы болатынын болжауға болады.

Владимир Путин Парламенттің бірккен отырысында сөйлеген сөзінде Александр Карелинннің ұсынысын жақтамағанымен, Валентина Терешкованың айтқанын құптады. Мемлекет басшысы өз сөзінде:

«Егер негізгі заңның қағидаларына бұл ұсыныс қайшы келмесе, Конституциялық сот  ресми қорытындысында осыны дәлелдесе, бұл өзгерістерді жасауға қарсы емеспін»,- деді. 

ҚЫТАЙ ДА ТӨРАҒА БИЛІГІН ОСЫЛАЙ ЗАҢДАСТЫРДЫ

Azattyq Rýhy тілшісі Әлемдік экономика және саясаттану институтының директоры Сұлтан Әкімбековтің пікірін білген еді. Ол Путин өзінің мәселесін осы жолмен шешіп алғысы келетінін айтты. Әрине, Конституциялық соттың мүшелері тиісті дауыстарын беретін болса, орталық вертикалды биліктің шарттарына қайшы емес. Мысалы, Қытай да осындай жолмен қазіргі төрағасының билігін заңдастырып берді.

«Қазір әлемде жағдай тұрақсыз. Қазақстан немесе Қытай сияқты стратегиялық әріптес елдерге бұл ситуация жат емес. Жұмыс бұрынғыдай жалғаса береді. Бірақ либералдық билік жүйесіне Қытай тұрмақ, Еуропаның өзі сын көзімен қарап отыр. Сондықтан қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта орталық билікті, президенттік билікті күшейту арқылы елді ары қарай басқару өте тиімді деп санап отырса керек. Ресей халқы да Путиннің саясатын жоғары бағалайды. Қоғамда жекелеген қала тұрғындары, кейбір оппозициялық күштер болмсаса, жалпы алғанда, қазіргі президенттің билікте қала бергенін қалайтын сияқты. Қарапайым халықты  саясаттан гөрі экономикалық өсім қызықтырады. Путиннің бұл тұрғыда саясаты орныққан», - дейді Сұлтан Әкімбеков.

БИЛІКТЕ ҚАЛУ ҮШІН ҚАМ ЖАСАДЫ 

Ал белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, Путин осы кезге дейін «два раза подряд» деп, Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы 2024 жылға дейін сайлануға мүмкіндік алды. 2010 жылы мерзімді 6 жылға созу туралы тағы да заңға өзгерістер енгізді. 2024 жыл алыс болып көрінгенімен, ол 2020 жылы дайындықты бастап кетті.

«Нөлдендіру» арқылы мәселені шешуді ұсынып отырған депутаттар мүлдем жаңа Конституция қабылданса, тиісінше, бұған дейінгі негізгі заң өз күшін жояды деп отыр. Демек, жаңа Конституцияға сәйкес, президент те жаңадан сайланады дегенді айтып отыр. Бұрынғы шектеулер ұмытылады. Демек, бәрі нөлден басталады деген сөз. Бұл билікте қалудың осындай бір өзіндік әрекеті», - дейді маман.

Путин 2020 жылға дейін билікте қалудың басқа нұқсаларын да қарастырып көрді. Ресей әсіресе, Беларусьпен одақ мемлекет құру арқылы ойын жүзеге асырғысы келді. Әрине, бұған Лукашенко да, оның халқы да көнбеді. Енді Конституцияны өзгерту арқылы қадам жасап көрмек. Дегенмен, оның Мемлекеттік кеңес деген мүмкіндігі, сондай-ақ, Парламенттің ықпалын күшейтіп, премьер-министр рөлінде елді басқаратын да мүмкіндігі бар екенін ескеру керек.

«Халықаралық және ресейлік сарапшылардың да пікірі әртүрлі. Бірақ Путин өз билігін созудағы мақсатын жүзеге асырмай қоймайды. Қай жолды таңдайтынын уақыт көрсетеді. Бірақ Путиннің биліктен кете алмайтыны анық. Бұл оның өз ішкі аудиториясына жасап отырған белгісі десе де болады. Бұл «биліктің ауысатынына ешкім үміттенбесін, белгілі бір топтардың пікірі бір жерден шықсын» деген оймен билік элитасына жіберіп отырған белгісі болуы мүмкін. Айналасында олигархтары бар, Кремльдегі үзеңгілестері бар, бәріне берілген «сигнал». «Мен билікте қаламын» дегенді қазірден білдіруі деп ойлаймын», - дейді Расул Жұмалы.       

Ришат Асқарбекұлы, Алматы      

Серіктес жаңалықтары