Теңізге шығар жолы жоқ Қазақстанға БҰҰ көмектеспек
32 мемлекет үшін «жол картасы» әзірленеді
БҰҰ теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобына көмек көрсету үшін «жол картасын» әзірлейді. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен өткен ұйымның Нью-Иорктегі штаб-пәтерінде мәлім болды деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесуде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдердің басты қиындықтары туралы айтты.
«БҰҰ-ның жобалары әрбір нақты мемлекет үшін жасалуда, дегенмен көптеген проблемалар трансшекаралық сипатқа ие. Біз теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер үшін Вена іс-қимыл бағдарламасын іске асырудың нақты қадамдарын белгілейтін жол картасын БҰҰ-ның мүдделі субъектілерімен бірлесіп дайындау қажет деп санаймыз», - деді Қайрат Омаров.
Өз кезегінде Гутерриш теңізге шығар жолы жоқ елдердің проблемаларын еңсерудің шарасы ретінде «жол картасын» құру идеясын қолдады. БҰҰ Бас хатшысы сондай-ақ бұл мемлеккеттердің көлік дәліздерін құру жайындағы бастамаларының маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда әлемде теңізге шығар жолы жоқ 32 мемлекет бар. Ал Қазақстан әлем мұхиттарынан ең алыс қашықтықта (шамамен 3750 шақырым) орналасқан және теңізге шығар жолы жоқ ең ірі ел болып саналады.